Еске сала кетейік, бүгін Шемонаиха ауданында «Қазақмыс» ЖШС корпорациясының Артемьев кен орнында түнгі ауысымнан 112 белгісінде (тереңдігі 500 метр) шахтадан 108 шахтер жер бетіне шығудан бас тартқан, оларға артынша күндізгі ауысымның 230 жұмысшысы қосылған.
Жұмыскерлердің талабы жалақы көтеру, жұмыс кестесін өзгерту, еңбек жағдайын жақсарту және сыйақы төлеу мәселелері болды.
Оқиға орнына жұмыскерлермен кездесуге Шемонаиха ауданының прокуроры, жергілікті атқарушы құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері келді.
Ушыққан жағдайды реттеу үшін оқиға орнына облыс әкімі Б. Сапарбаев, облыс прокуроры Б. Тайымбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Е. Көшербаев, облыстық мәслихат хатшысы Г. Пинчук, прокурор орынбасары Н. Бижанов, «Қазақмыс» басқармасының төрағасы Э. Огай келді.
Кен орнына облыс басшылары келіп «Қазақмыс» басшыларымен бірлесіп, шахтерлермен келіссөз жүргізу үшін шахтаға түсті.
Айта кетейік, Артемьев кен орны Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Усть-таловка кентіне жақын орналасқан. 2005 жылы пайдалануға берілген. Кен орнында шамамен 1100-ге жуық адам жұмыс істейді. Бұл жерде жылына 1,5 млн. тонна полиметалдық жез-мырыш және қорғасын өндіріледі.