Алдымен мәртебелі меймандарға қабылдаудың өткізілу тәртібі жіті түсіндірілді. Дипломаттар естігендерін жұбайларына дереу жеткізіп жатты. Өйткені олар да президентке таныстырылмақ. Кейбірінің толқығаны соншалық, айтар сөзін іштей қайталауға кіріскен. Нұрсұлтан Назарбаевқа алдымен Жапония елшісі шақыртылды. Оның кимонодағы жары Арқаның аязына қарамастан Ақордаға жұқа аяқ киіммен келіпті. Бұдан басқа, президент Пәкістан, Ауғанстан, Оман, Нидерланд Корольдігінің жаңа елшілерінен сенім грамотасын қабылдады. Салтанатты шара әзірлікке кеткен уақыттан гөрі, тез аяқталды. Протоколдан ауытқыған ешкім болған жоқ. Енді жылы жақтан келген дипломаттарға Астананың климатына үйреніп, мемлекеттер арасындағы байланысқа тың серпін беруі тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Қазақстанда сіздер еліміз үшін өте маңызды кезеңде жұмысбастайын деп отырсыздар. Біз қазір саясатты қайта салмақтап, мемлекет дамуының жаңа үлгісін әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар саяси және экономикалық даму тәжірибесінің өзекті болуына мән береміз. Қазақстан сыртқы саясаттағы салиқалы ұстанымын жалғастыра беретін болады.