Жоғары сотқа қылмыскердің анасы мен адвокаты елден бұрын жетті. Владислав Челахтың кінәсі нақты айғақтармен әлдеқашан дәлелденсе де, олар ресми қортындыны елемей жүр. Тіпті бүгін адвокат Серік Сәрсенов үйреншікті әдетіне басып, отырысты прокурор мен судьяға сенімсіздік білдіруден бастады.
— Алқа төрағасы Қасымов мен прокурор Бақтияровқа қатысты талап арыз қанағаттандырылмайды.
Осылайша, өтініш қабылданған жоқ. Осы жерде шулатқанды, өзіне назар аудартқанды жақсы көретін Сәрсенов қарсылық ретінде, залдан шығып кетті. Бірақ бұл процесске кедергі болмады.
Ақылтай Қасымов, ҚР Жоғарғы соты, Қылмыстық істер жөніндегі қадағалау алқасының төрағасы:
–Челахқа қатысты аудандық сот үкімі, апелляциялық және кассациялық алқа қаулысы өзгеріссіз қалсын. Өтініш қанағаттандырылмасын. Жоғарғы сот істі мұқият оқып, дәлелдермен танысып осындай қортындыға келді.
Әрине, мұндай шешім Челахты сүттен ақ, судан таза деп жүрген адвокаты мен анасына жақпады. Соңғысы тіпті Жоғарғы сотты әдеттегідей басына көтерді.
Светлана Ващенко, В.Челахтың анасы:
— Барлық жерге арызданам. Басқа елдерден көмек сұраймыз.
Ал сотқа келген қаза тапқан шекаршылардың туыстары тіл қатқан жоқ. Залдан үнсіз шығып кетті. Қысқасы, Арқанкерген бекетінде, 14 қаруласы мен бір қорықшыны атып өлтірген қылмыскер Владислав Челах Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» түрмесінде өмірінің соңына дейін отыратын болады. Енді қанішер абақтыдан «босап шығам» деп ешқашан ойланбауы тиіс.
-Осылайша, Владислав Челах барлық соттан ұтылды. Енді оның адвокаты мен анасы, әділдік іздеп Біріккен ұлттар ұйымына шағымданбақ. Алайда, ешбір ұйым бөгде елдің ішкі ісіне араласуға құқы жоқ. Сондықтан, қылмыскердің туыстарына үкімді мойындаудан басқа амал қалмаған сыңайлы