Cочиден соңғы жаңалықтар - kaz.caravan.kz
  • $ 471.04
  • 538.54
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A




Cочиден соңғы жаңалықтар

Cочиден соңғы жаңалықтар

Сочидегі қысқы олимпиадада  қоржынға жүлде салған елдер саны 22 ге жетті. Ақ ойындарға 52 спортшы қосқан қазақ еліне  әзірге  медаль сыңғыры жете қойған жоқ. Төртінші жарыс күні жерлестеріміз  конькимен жүгіру, шаңғы, биатлон және шана спорты түрлерінен сынға түсті. 

  • 13 Ақпан 2014
  • 227
Фото - Caravan.kz

Шаңғы тебуден өткен спринттік жарыстың нәтижесі көңілімізден шықпады. Елена Коломина мен Татьяна Осипова   ширек сынға жетпей сүрінсе, жігіттер де  алысқа шаба алмады. Денис Волотка мен Роман Рагозин ә дегеннен бәсекеден тыс қалса,  Николай Чеботьконың  жеткен биігі  ширек финал болды.  Бұл сында олимпиаданың бас жүлделерін норвегиялық спринтерлер иеленді. Пасьюттен жарысқан биатлоншылар бәсекесінде беларусь қызы Дарья Домрачева олжа салды. Қазақстан құрамасының лидері Елена Хрусталева 37, ал Дарья Усанова 41 нәтиже көрсетті. Ал 500 метрге Конькимен жүгіруде әйелдер додасында жерлесіміз Екатерина Айдова 22–ші орыннан табылды.  Мұнда бас бәйгені  кореялық Ли Сан Хва иемденді. Осы күнгі олимпиада бағдарламасын жапқан шана спорты шеберлері арасында неміс қызы Натали Гейзенбергер топ жарды.  Біздің Елизавета Аксенова 28-ші  орынды місе тұтты.    

Бүгін  бүкіл ел болып  конькимен жүгіруден  әлем чемпионы Денис Кузиннің  жолына қарайтын боламыз.  Осы сағаттарда жерлесіміз  1000 метрлік дистанцияға жүгіруден күш сынасуда.  Бұл оның  сүйікті дистанциясы екенін ескерсек,  бүгін қоржынға медаль түсіп қалуы әбден мүмкін.       

Осы сында Денистен басқа тағы екі отандасымыз өнер көрсетеді. Олар- Роман Керч пен Федор Мезенцев. Жалпы бүгін Сочи спорт кешендерінде алты медальдар жиынтығы сарапқа салынуда. Біздің олимпиадашылар бүгінгі жарыс бағдарламасында  тек конькимен жүгіру спортымен шектеледі.  Сондай-ақ  шайбалы хоккейден ерлер құрама командалары арасында алғашқы ойындар өтеді.


Тұғыр төрінде қос чемпион! Шаңғымен таудан құлдилаған спортшылар Олимпиада тарихына кірді. Финалда мәре сызығын бірдей уақытта кесен швейцариялық Доминика Гизин мен Словениялық Тина Мазе алтыннан алқа тағынды.

Мұндай оқиға 1992 және 1998 жылдардағы ақ ойындарда орын алған. Алайда ондағы спортшылар өзара екінші орынды бөліскен болатын. Сондықтан Олимпиада финалында бірдей үздік нәтиже көрсеткен спортшылар тұңғыш рет тіркеліп отыр. Марапаттау рәсімінде бір-бірімен қол ұстасқан чемпиондар өз қуаныштарын жасыра алмады. Тұғырдың үшінші сатысына көтерілген тағы бір швейцариялық шаңғышы Лара Гут. Бұл нәтижеден кейін  жалпы медальдар топтамасында швейцария 5-ші орынға көтерілді.