Алматыда жылу құбыры жарылғанда оңбай күйген зейнеткер өлім аузында жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.04
  • 538.54
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда жылу құбыры жарылғанда оңбай күйген зейнеткер өлім аузында жатыр

Алматыда жылу құбыры жарылғанда оңбай күйген зейнеткер өлім аузында жатыр

Алматыда жылу құбыры жарылғанда тағы бір адам қайнаған суға оңбай күйіп қалған. 67 жастағы зейнеткер денесінің жартысын күйік шалып, қазір хал үстінде жатыр. Көшені кесіп өтіп бара жатқан қария ыстық су атқылаған шұңқырға түсіп кетіпті. Естеріңізге салсақ, жылу жүйесіндегі апат дүйсенбі күні болған. Ол кезде тек 4 адамның жапа шеккені және көпке ұзамай үйлеріне жіберілгені айтылған-ды. Ал жансақтау бөлімінде жатқан зейнеткерге бүгінге дейін коммуналдық мекеме өтемақы төлемек түгілі, жайын біліп хабарласпаған.

  • 14 Ақпан 2014
  • 460
Фото - Caravan.kz

Себебі бір болғанмен салдары сан салалы апаттың суреттемесі бұл. Тозған құбыр былтыр желтоқсанда бір жарылып, 16 жасар жеткіншек жапа шеккен. Арада көп уақыт өтпей дәл сол магистральда тағы апат болды. Алғашында 4 адам зардап шегіп, дәрігерлік көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді делінген. Бақсақ басқа екен. Қайнаған су атқылаған шұңқырға автобуспен қатар 67 жасар зейнеткер де құлаған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Арман Есенбеков, жәбірленушінің ұлы:

-Давлениесі құлады, екі бүйрегі істемей жатыр. Білмеймін енді ары қарай не боларын. Міне төртінші күн жүрміз не істеп не қойғанымызды білмей. Анам да жүр есін білмей.

Қазір ес-түссіз аурухана кереуетіне таңылған Жұман ақсақалдың денесінің жартысынан астамын күйіп қалған. Қайта аяғынан тұрып кетуі ауыр деп күмілжіді мамандар.

Рүстем Қадырбаев, Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Денесінің 55 пайызы күйген. Нақтыласақ қос қолы мен денесінің белінен төменгі бөлігі түгел күйіп қалған. Жағдайы өте ауыр.

Апат зейнеткерден бөлек тағы бір жанның тәніне тыртық салған. Қазір палатада жатыр, есін жиғанымен денесінің көп бөлігі күйген.

-Алматылықтардың есін екеуі түсін төртеу қылған апаттың салдары айқын, ал себебі мына тоз-тозы шыққан құбырлар.

Тұрпатына қарасаң әбден шіріп біткен, кей қапталдарының қалыңдығы бар-жоғы 1,5мм. Жауаптылар болса Алматы қаласының жер астында осындай тозған 700 шақырым құбырдың жатқанын айтады. Жалпы қаладағы жылу жүйелері құбырларының 60% толығымен тозып біткен.

Қос азаматты қоса күйдірген апаттың артын кімнің не үшін жылы жабуға тыраштанғаны беймәлім. Өйткені “Алматы Жылу Холдингі” зейнеткердің хал жағдайын білмек түгілі, қоңырау да шалмаған.


Алма Төлегенқызы, жәбірленушінің жұбайы:

-Ешкім келгенде жоқ, ешкім хабарласқанда жоқ. Тозақта жатыр, мына жерге дейін күйіп пісіп кеткен деген сұмдық қой.

Есінеп барып ес жиған жауаптылар тек қара кеште айтарымыз бар деп алқынды. Өлім мен өмірдің арасында жатқан науқас туралы бүгін тілшілерден естідік деп отыр.

Ян Гирин, «Алматы жылу холдингі» МКМ ресми өкілі:

-Біз ұжымымызбен науқас жанға қаражат жинап береміз, әр қызметкер әлі келгенше қаржы қосады. Бұдан бөлек бүгін жедел жиналыс жасап апаттан зардап шеккен жанға сақтандыру компаниясы арқылы төленетін өтемақыны да жедел жеткізуді қолға аламыз.

Айтылған ақпарлар былтыр желтоқсандағы апатта тәнінің тең жартысы күйіп қалған 16 жасар Ернар Мұратовқа берілген уәденің айнымаған көшірмесі. Аурухана бір айға жуық жатқан жеткіншек қазір туған жері Үржарға кетіп қалған. Қолына алғашында уәде етілген өтемақының тек бестен бірі тиіпті.