Үкімет азық-түлік құнын «көтермейміз» деп жанталасқанымен девальвация дес берер емес - kaz.caravan.kz
  • $ 471.04
  • 538.54
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет азық-түлік құнын «көтермейміз» деп жанталасқанымен девальвация  дес берер емес

Үкімет азық-түлік құнын «көтермейміз» деп жанталасқанымен девальвация дес берер емес

Девальвациядан кейін баға ырыққа көнер емес. Сырттан тасымалданатын тауар, тұрмыстық техникадан кейін енді әуе билетінің құны көтерілді. Ал шенеуніктер азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмектің қымбаттамайтынын айтып қайта-қайта мәлімдеме жасап жатыр. Тіпті коммуналдық қызметтің тарифі жазға дейін өзгермейтінін айтып сендірді. Алайда, Үкіметтің қатал ескертуін елемей жатқан жеке валюта айырбастау нүктелері мен дүкен қожайындары бағаны өз қалауынша құбылтып, табыс табуға жанталасуда.

  • 14 Ақпан 2014
  • 433
Фото - Caravan.kz

Девальвациядан кейінгі абыр-сабырды тиімді пайдаланып үлгергендер бар. Халық дүрлігіп жатқанда, есіктерін тарс жауып құнды қалауынша өзгерткен. Енді әуе билеттері қымбаттады. Екі күннен бері «Эйр Астана» халықаралық бағыттағы рейстерінің бағасын 10 пайызға дейін көтеріп үлгерген. Ал Қарағандыда шенеуніктер базар кезіп, азық-түлік бағасын қымбаттатқан сауда орталықтарын тексеруге шықты. Алайда, долларға тәуелді импорттық тауарлардың құнына ешкім шектеу қоя алмайды екен.

Еренбек Ағатанов Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

— Әрине, біз экспортпен тауар жеткізетін кәсіпкерлерге бұйрық бере алмаймыз. Бірақ бізде шығарылатын тауарларға бақылау жасаймыз. Олардың бағаны  көтеруіне  негіз жоқ.

Мәселен, Семейдегі  тауар тасымалдайтын компаниялар жақын күндері сырттан келетін өнімдер 20 пайызға «қымбаттайды» деп ескертіп отыр.

Айгүл Жиенбаева, саудагер :

-Жұмадан бастап, 20 пайызға көтеріледі дейді фирмалар. Егер көтерсе, біз де көтереміз. Қайда барамыз!?

Астанадағы супермаркеттер бағамен «ойнауын» қояр емес. Сөредегі азық-түліктің құнын күнде құбылтып жатыр. Ал халықты абыржымауға шақырып бірінен соң бірі баспасөз мәслихатын өткізіп жатқан Есілдің сол жағалауындағы министрлердің баяндамасы оптимизмге толы. Девальвация ас атасы — нан бағасына еш «әсер етпейді» деп уәдені үйіп төгуде.


Асылбек Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-.Үкіметтен азық-түлік корпорациясының қорынан астықтың тоннасын 30 мың теңгеден аспайтын етіп механизм дайындап қойғанбыз. Сондықтан 1-ші сорттағы нанның бағасы ешқандай өзгермейді. Оған негіз жоқ.

Сонымен қатар дәрі-дәрмектің қымбаттауына жол берілмеуі тиіс.  Доллар өскен бойда, тұрмыстық техникалардың құнын аспандатып жіберген дүкендер қазір жаппай тексеріліп жатыр. Жұрттың наразылығынан сескенді ма, табиғи монополияларды реттеу агенттігі бүгін коммуналдық тариф мамырға дейін өспейді деп мәлімдеді. Жанармай бағасын да бақылауға алған.

Мұрат Оспанов, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:

— Мемлекет реттейтін мұнай өнімдерін сатуда  бағасын асыруға қатаң тыйым салынады. Осы факторлар болған жағдайда біз тез арада шара қабылдаймыз.

-«Құнды өсірсеңдер, лицензияларыңнан айрыласыңдар» деген Үкіметтің қатал ескертуін елемей жатқандар да бар.Бірақ, ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, оңай олжаға кенелмек болған кәсіпкерлер дереу анықталып, оларға ірі көлемде айыппұл салынуда. Тіпті кейбірінің іс сотқа жіберіліп жатыр. Осылайша, аймақтардағы ахуалды Астанадан тікелей бақылап отырмыз деген   атқамінерлер бағаның шектен тыс шарықтауына жол бермейтіндеріне сендіріп отыр.