«Беркут» өткен түнде шерушілерді бірнеше рет орнынан ығыстырмақ болған. Бірақ оппозиция жақтастары тегеурінді қарсылық көрсетіп жатыр. Майдан алаңына баса көктеп кірген милицияның екі бірдей ауыр техникасын өртеп жіберді.
Сондай-ақ таң алдында ереуілшілердің штабы болған Кәсіподақтар үйі отқа оранды. Құтқарушылар тек 41 адамды сыртқа шығарса, мерт болғандар қазірге дейін күл арасынан іздестіріліп жатыр. Қазір Киев көшелері нағыз баррикадаға айналғандай. Жарылған петардалар, атылған оқ, жанған доңғалақтар.
Күш құрылымдары қанша тырысқанымен Майдандағы 15 мың ереуілшіні орнынан қозғай алған жоқ. Жалпы екіжақты қақтығыс кезінде қаза тапқандар саны 30 адамға таяған. Марқұмдардың арасында ереуілшілерден бөлек 9 тәртіп сақшысы мен журналистке дейін бар. Ал жараланғандар 500-ден асты.
Қақтығыстар қазір Украинаның батыс аймақтарында да жалғасуда. Львовте оппозиция жақтастары жергілікті прокуратура мен әскери бөлімді басып алған. Бірақ қару-жарақ талан таражға түспей, қайта жұрт бірлесіп қоймалардың есігіне құлып салды. Ал оппозиция серкелері мен билік ортақ мәмлеге келе алар емес. Керісінше болған жәйтқа бірін-бірі кіналауда.
Виктор Янукович, Украина президенті:
-Оппозиция жұртты қолға қару алуға үгіттеді. Бұл барып тұрған заң бұзушылық. Сондықтан заң алдында жауап беруі тиіс. Ал ел бірлігін сақтау үшін келіссөз үстеліне қайта отыруға шақырамын.
Виталий Кличко, «Удар» партиясының жетекшісі:
-Янукович мәселені « шешейін» деп отырған адам емес. Көшеден бірің қалмай кетіңдер деп отыр. Оның орнында болсам мен биліктен бас тартар едім.
Халықаралық қауымдастық қазір тараптарды қантөгісті дереу тоқтатуға шақырып жатыр. Егер талап орындалмаса, Еуроодақ пен АҚШ тарапынан санкциялар да қойылуы мүмкін екені ескертілді. Тек оған құлақ аса қоятын билік әзірге жоқ сияқты.