«Биыл Алматы қаласындағы білім беру саласын қолдау мақсатында 63,4 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл қаланың барлық бюджетінің 20 пайызын құрайды. Білім саласы — еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан, мен биылғы жылды қаламыз үшін Білім жылы деп атауды ұсынамын», — деді қала әкімі.
Оның айтуынша, бұл қаржы орта және жоғарғы білім беру нысандарының күрделі жөндеуін қаржыландыруға, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталмақ. Былтыр қалада білім саласын қолдауға 77,2 млрд теңге бөлінген. 2013 жылы Алматыда 4 балабақша, 3 мектеп, 17 жекеменшік балабақша салынды.
Сондай-ақ қала басшысы қаладағы құқық қорғау ұйымдарының мәселелеріне де тоқтала кетті. Ол 600 полицейдің 200 мың теңге көлемінде қала әкімінің арнайы грантына ие болатындығын мәлімдеді.
«Бұл шара қоғамдық тәртіпті бақылаушыларды белсенді жұмыс жасауға ынталандырады. Өйткені, азаматтардың қауіпсіздігі бірінші кезекте», — деп атап өтті әкім.
Әкімнің мәлімдеуінше, 2013 жылы жол қозғалысын бақылау үшін қала ішінде жүздеген камера орнатылған. Сол камералар арқылы тіркелген заң бұзушылықтар есебінен қалалық бюджетке 6 млрд теңге қаржы түскен. Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау орнатылған жерлерде жол-көлік ережелерін бұзу оқиғалары 53 пайызға азайған.