Есімовтің есебін тыңдағысы келген алматылықтардың барлығы 3 мың орындық Республика сарайына симай, бір сыпырасы сыртта қалды. Ал ішке кіру бақыты бұйырғандардың кейбіріне үш сағат өткен жиын шаршатса керек. Алды қалың ұйқыға кеткен. Әлқиссасын ғана қазақша бастап, қалғанын ресми тілді баяндаған әкім тек қездесудің орта тұсында жиынға жан бітірер сөз айтты.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
–Зейнетақы 14, әлеуметтік жәрдемақылар 12 пайызға және азаматтық қызметкерлер ақысын 10 пайызға арттырамыз.
Биыл Алматы мемлекеттік бюджетке бір жарым трлн теңге жуық қаржы құйып, 381 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Ал теңгенің құнсыздануынан соң жұрт әлеуметтік тауарлардың таршылық көрмес үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. Қоғамдық көліктер де толық газға ауыстырылмақ. Сондай-ақ, әкім Ішкі істер департаментіне қосымша қаржы бөлінетінін айтты.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
-Полицияны қаржыландыру жалғасады. Биыл қосымша 1 млрд теңге бөлеміз. Бірақ қаржы автокөлік алуға емес, ақыл қосуға жұмсалсын.
Әкімнің "ақылға" деп отырғаны, кибер қылмыстардың алдын алуға қатысты шаралар. Ақша СМС-терроризм, есеп-шоттағы ақшаның ұрлануы сияқты интернет арқылы жасалып жатқан алдын алу үшін бөлініп отыр. Биыл тіпті сапалы жұмысымен көзге түскен полицейлерге 200 мың теңге көлемінде сыйақы да берілмек. Ал білім сапасын көтеріп, мұғалімдерді ынталандыру үшін мың ұстазға 300 мың теңгелік степендия тағайындалған. Бірақ жұрт әлі жасалуы тиіс жұмыстар шаш етектен екенін жарыса жеткізді.
-Мектепте бала саны шамадан тыс оқиды. Кейбір сыныптарда 45 баладан оқиды. Мұндай жағдайда біздің қаракөз балалар қандай білім алады?
Қала басшысының жауабы да дайын екен. Тұрғындардың мәселесін реттеу үшін басқарма басшыларын бірінен соң бірін тұрғызып, нақтылауды талап етті. Басынан дау арылмай, ай сайын отқа оранған барахолканың да базынасы айтылды жиында. Бірақ әкім сүрілуі тиіс сауда орындарының барлығы биылдан қалмайтынын шегелеп айтты.
-Жиын барысында Ахметжан Есімов тұрғындар тарапынан қойылған 40 сұраққа жауап беріп, жиналғандар оған 17 мәрте қол соқты. Ал әкімге тікелей сауалын жолдай алмағандар үшін арнайы жәшіктер орнатылыпты. Қала басшысы жазбаша түрде жиналған барлық сұраққа жақын арада жауап беруге уәде етіп, қоластындағыларды халыққа жақын болуға шақырды.