-Ауылда әкімдер жұмыс істемейді. Мына сазды 4 мың теңгеге сатып алдық.
4 күннен бергі Жаңақорған кентінің тіршілігі — осы. Үлкенді-кішісі бар қызыл судан қорғанып әлек. Әйтпесе, еріген қар суы Сырдарияның ернеуінен асып, ауылға дейін жеткен.
Аманжол Нәлібаев, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
— 4 күн болды ғой судың келгеніне. Ешқандай көмек келіп жатқан жоқ ешбір жерден. Үйдер құлап жатыр, қоралар. Жұрттың бәріне бір-бір қайық керек.
Судың тасығаны сонша, көше біткенге қойылған бөгеттердің өзі де шыдас берер емес. Ел есебі бойынша, қазірдің өзінде мыңға жуық үйге зақым келген.
Амангелді Тұрсынбаев, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
-Әкім келмейді. «Өз күндеріңді өздерің көріңдер» дейді, болды. Біледі, барлығы телефондарын өшіріп тастаған.
Темірхан Абдоллаев, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
— Көріп тұрсың ғой тірлігімізді. Кеше сағат 4-тен бастадым. Сасып кеткен. Үй бетін көрген жоқпыз, қарын аш әкесінің ауызы. Не істерімізді білмейміз. Қолымда күрек. Мен көшіп келгенге 40 жыл болды, сол 40 жылдан бері көргенім осы.
Аудан басшысының демалыстан қолы босамай жатса керек, су басқандарыдың жағдайын білмекке орынбасарын ғана жіберіпті. Онда да жергілікті биліктің қауқары тек топырақ төгуден басқаға жетер емес.
Қаржыбек Бүркітбаев, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазір 17 камаз жұмыс істеп жытыр. Жұмысшылар да бар. Таудан келген судың барлығын қуып. Техника болса да үлгере алмайды ғой. Мынаның бәріне қарасаңыздаршы. Ана жақты көрсеңіздер бұдан да жаман.
— Жылдан енді осылай бола ма?
— Жылда емес!
— Қой жылда осы ғой, айтсаңдаршы жігіттер!
«Апат айтып келмейді» дегенімен, жаңақорғандықтар жағдайдың жылда қайталанатынын білетін шенділерге өкпелі. Ең болмағанда, жөнді бөгет салмады деп. Сондықтан қызыл су бүлдірген там мен қора-қопсының да ақысын кімнен дауларын білмейді. Бір қызығы, Сырдан келер апатқа деп үкіметтен жылына 80 млн. теңге бөлінеді екен.