2009-2010 ж.ж. аралығында Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының Қызылорда қаласында теміржол арқылы өтетін жол өткелі құрылысына 1,5 млрд. теңгеден астам бағаға өткізген тендерді жеңіп алған «Бушра» ЖШС басшылары З.Метин және К.Ердоган құрылыс нысанының жұмыстары толық атқарылмаса да, қарамағындағы өндірістік техникалық бөлім қызметкерлеріне жалған мәліметтер еңгізіп, тапсырыс беруші мекемеге өткізуге мәжбүрлеген. Нәтижесінде мемлекеттен бөлінген ақша қаражаты мердігердің шотына толығымен аударылып, мемлекетке 18 млн. теңгеден астам залал келтірілген.
Сонымен қатар іс бойынша тапсырыс беруші — Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және техникалық қадағалау уәкілдеріне айып тағылды.
Техникалық қадағалау уәкілі — «KZ СтройЭксперт» ЖШС-і бас маманы М.Аппазов қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иелену және жалған мәліметтер енгізілген ресми құжаттарға қол қою арқылы құжаттар дайындаған.
Қызылорда қалалық сотының үкімі бойынша Зия Метин сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде жымқыру, сонымен қатар ресми құжаттарды қолдан жасау бойынша кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кетен Ердоган сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде жымқыру, сонымен қатар ресми құжаттарды бірнеше рет қолдан жасау ) бойынша кінәлі деп танылды, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылатын болды.
Сот үкімі бойынша М.Аппазовқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды.
Сондай-ақ Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Ө.Шаменов, оның орынбасары Г.Оспанов, басқарма бас маманы У.Жидебаев, тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес тағайындалған жазадан босатылды.