Аталған жағдай өткен жылдың соңында орын алды. Қазақстандық өзінің отбасымен бірге Тайландтағы қонақ үйлердің бірінде демалып жатқан. Бассейндегі суға шомылу кезінде ол күтпеген жерден өзін жайсыз сезініп, күре тамырдың ішінен қан кетіп, өкпе қызметі тоқтап қалған. Артынша ол комаға түсті. Алдымен туристі тай медицина қызметкерлері құтқарып қалмақ болған, кейін оны арнайы рейспен Астанаға жіберген. Үздік отандық дәрігерлер Фархатты ең заманауи құралдармен емдеуге тырысты. Кеңес алуға Ресей мен Германиядан мамандар шақырылды. Алайда марқұм комадан шықпады. Медицина қызметкерлері егер оған дер кезінді алғашқы көмек көрсетілгенде, бәлкім қазір ол тірі болар еді дейді.
«Мен Тайландта реанимациялық шаралар кеш жасалды деп ойлаймын. Ал ми қызметі тоқтаған, полиорганды жетіспеушілікпен келген науқасты тірілтіп алу біздің қолымыздан келмеді», — деді Республикалық жедел жәрдем медициналық көмек көрсету орталығы басқармасының төрағасы Владимир Опенько.