Павлодарда тұрғындар наразылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда тұрғындар наразылық білдірді

Павлодарда тұрғындар наразылық білдірді

Әлі жөнделіп бетпесе де апатты жағдайда! Бүгін Павлодарда «Тұрғын үйді модернизациялау» бағдарламасымен баспаналарын жөндеткен жұрт осылай наразылықтарын білдірді. 2 жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстарына бақандай 27 млн теңге бөлінген. Соған қарамастан, жұмысын атүсті істеген мердігер түрлі жағдайды сылтауратып, қолға алған істі кейінге шегеріп келеді. Жұрт енді төбеден аққан сумен алысып жатса, құрылысшылар күннің жылуын күтіп жүр.

  • 5 Наурыз 2014
  • 221
Фото - Caravan.kz

 «Тұрғынүйді модернизациялау» бағдарламасынан жақсылық күткен мына бес қабатты үйдің тұрғындарының әбден ығыры шыққан. Істің аяқсыз қалғаны өз алдына, жөнделген жердің өзінде құрылысшылар қарапайым ережелерді ескермепті.   

Сырғагүл Назарова, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Ауа жоқ. Балалар аурулы, аллергия шығып жатыр, туберкулез ауруына шалдығып жатыр. Біз қарап отыра алмаймыз.

Кіреберісінен аяқ сүрінетін, еден-қабырғасы сұрықсыз үйдің өңі бұрын бұдан әлдеқайда тәуірлеу еді,- дейді тұрғындар.

-Бар болғаны ескіні жаңаға алмастыруы тиіс мердігер компания екі жылға созылған салақ тірліктерін әлі соңына дейін жеткізбепті. Мына салынған шатырлардың арасы шұрық-тесік. Салдарынан астындағы пәтерлерге су ағып жатыр.

Сорғалаған су жоғары қабаттағылар тұрмақ төмендегі көршілерді де әлекке салған.

 «Көріңіздер, не боп жатыр?! Мынаның астынан астыңғы қабатқа су кетеді, мына жерден.. Оны не істеуге болады?

Бір қызығы, келеңсіздікке жол берген мердігер бар жұмысты жобалық құжаттың бекітілуін күтпей бастап кеткен. Жертөледегі кәріз құбырлары жаңартылғанымен, жан-жағы нәжіс суға толы. Мәселеден хабардар шенеуніктер болса, алаңдауға негіз жоқ деп бейқам отыр.


Асқар Әбенов, Павлодар қалалық Тұрғынүй инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Соған байланысты, мердігер мекеме ақшаны толық көлемде алған жоқ, әрі тұрғындардың жұмсалған қаржыны өтеу мерзімі әзірге өз күшіне енбейді.

Атап өтерлігі, созбалаңға салынған жөндеу жұмыстарына бақандай 27 млн теңге бөлініпті. Тұрғындар «жаңғыртудың» орнына жұтатып тастаған бағдарламадан көретін құқайымыз әлі алда деп отыр. Себебі, олар атүсті атқарылған жұмыстың есебін енді 7 жыл бойы өтеуі тиіс.