Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Мейрам былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бекітіліп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, сондай-ақ сала қызметкерлерінің еліміздің көлік-логистика жүйесін дамытуға қосқан үлесін жария етуге бағытталған.
Су көлігі саласын дамыту — Қазақстанның көлік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалының көлемі 3,5 есеге артқан.
— Жүк тасымалы көлемінің артуы теңіз инфрақұрылымын кешенді дамыту нәтижесінде мүмкін болды. Мәселен, Ақтау портында қайта тиеу жабдықтары жаңғыртылып, контейнерлік хаб салынды. Құрық портында түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, қосымша терминалдар салынды. Тасымалдау үдерісін цифрландыру мақсатында жүктердің қозғалысын онлайн режимде бақылауға және «бір терезе» қағидаты бойынша шарттар жасасуға мүмкіндік беретін IT-платформа ашылды, — делінген хабарламада.
2029 жылға қарай Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымал көлемін 300 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Қазақстанда ішкі су көлігін дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Пайдаланудан шығарылмай үш кеме жүретін шлюзге күрделі жөндеу жүргізілуде, сондай-ақ шлюздерді басқарудың заманауи автоматтандырылған жүйесі енгізілуде.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында өзен туризмін дамыту және Іле өзені арқылы Қазақстан мен Қытай арасында халықаралық өзен бағытын құру жобалары іске асырылуда. Айта кету керек, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде еліміздің ішкі су жолдарында өзен кемелеріндегі апаттық жағдайлар нөлдік деңгейде сақталып отыр.
Бүгінде су көлігі саласында 14 мыңнан астам маман еңбек етуде. Қызметкерлердің кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығының арқасында су көлігі саласы дамып, тасымалдардың сапасы мен қауіпсіздігі артып, Қазақстанның халықаралық көлік байланыстары нығаюда.