Атпалдай азаматтың қызметтесімен жүздесуге кетіп, табытпен оралғаны жиылған жұрттың жүрегін шайлықтырды. Нұрбек Шөменовтың абыройы «көптен бері көптің көкейін тесті»,- дейді туыстары. Әңгіменің әлқиссасы мынада, былтыр Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті үздік 10 қызметкеріне 100 мың теңгеден сыйақы тағайындаған екен. Сол үздіктердің бірі Нұрбек Шөменов болған. Марқұмның басшысы одан сыйақының 40 пайызын талап етіпті. Бас тартқанында «көзіңе көк шыбын үймелетемін» деп қорқытқан. Мұны инспектор шені жоғары басшыларға жеткізген. Артынша қызметінен аластатылған бастық тісін қайрап, ақыры арызданған Нұрбекті өлтіріпті.
Гүлмира Сансызбаева, марқұмның жары:
-Адамымызды жоғалтып, өлгеннен кейін барып тауып алып отырмыз. Ол ертең сатып алады да шығып кетеді. Мен ертең жоғары сотқа арыз жазуым мүмкін. Жоғары соттан талап етем мен әділдікті.
Қара шаңырақты қан қақсатқан марқұмның бұрынғы бастығы Берік Шиманов алғашында құқық орындарының құрығынан босап шыққан. Марқұм Нұрбекті өлтіргенде де, арнайы жоспары болса керек. Өйткені денесін көміп, көлігін өртеп жіберген. Мәйіт тек апта өткесін табылып отыр. Айыпты да дереу құрықталды. Дегенмен туыстары атпалдай азаматты өлтірген бір емес бірнеше адам дейді.
Гүлмира Сансызбаева, марқұмның жары:
-Тұрсекеев Ғани деген ІІБ-нің , ІІБ бастығы Тұрсекеев Ғани деген мырзадан күдіктенем. Өйткені, ол неге Шиманов ұсталып кеткеннен кейін «сен неге арыз жазасың? Сен неге маған келмейсің?» неге жеке істерін көтерткізеді? «дұрыс қызметкер болсаң 9 сөгісті не үшін алдың» деп неге айтады?
Қазіргі қамауға алынған басты күдікті Шимановқа қатысты қасақана адам өлтірді деген баппен іс қозғалған. Айыбы дәлелденсе арқалар жазасы да айтарлықтай.
Мұрат Мұхтаров, Қызылорда облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы:
-96 баптың бірінші бөлімі қасақана кісі өлтіру бабы. Бұл жерде адам ертең сотқа барғанда 63 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Қылмыстық істен бөлек енді облыстық ІІД-де қызметтік тергеу басталуы мүмкін. Тексеретіндер өзара қырық пышақ болған қызылордалық полицейлер емес, орталықтан алдырылмақ.