Баспаналы болған 216 отбасы жылдап кезек күткендер. Пәтер кілтін алған кезде олардан бақытты жан болған жоқ. Араларында 3 соғыс ардагері де бар. Жаңа үйге сол күні көшіп келіп, барлығы қоныс тойын бірге тойлапты. Бірақ, тап осындай «қиындыққа тап боламыз» деп ойламадық,-дейді. Енді жұрт коммуналдық қызметтерді жағалап жүр.
Күләш Әлмұхамедова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Су жоқ, жарық жоқ! Бірі болады дейді. Бүгін сағат 4-те «су болады» деп бізді жинады, ал су жоқ. Келіп енді ойлаймыз «бастықтар қайда?» деп, олар жоқ.
Дана Құсайынова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Су арнасына, электр желілері торабына бардым. Ешқандай келісім-шарт жоқ деді. Есептегіш құралдарды да өзіміз қоюымыз керек.
Тұрғындардың коммуналдық мекемелерден бірдеме дәметкені бос әуре болып шықты. Өйткені, жаңа үйдің құрылысы аяқталып, иелеріне тапсырылғанымен, әлі жауапты мекеме жоқ. Тіпті, балансқа да қойылмаған. Сондықтан, коммуналдық кәсіпорындар оларға қызмет көрсете алмайды. Бұл жағдай жуық арада шешілмейтін де сияқты.
Риза Жүнісов, Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:
-Ол баланста болмаған соң біз бастығымен келістік.Енді хатқа қатынасып, мына кісілермен шартқа барлығымен отырады. Қағаздар керек, қағаздар дайын болса біздің балансқан басқа балансқа беруге, уақыт керек, қағаз керек.
-«Қағаз керек» деп жүргенде 200-ден аса отбасы қиыншылық көретін түрі бар. Бәрінен бұрын осы баспананы соғыс ардагерлері күтіп еді. Ыстық суы, жылуы бар жайлы пәтерге бірден көшеміз деп қуанған қария көңіл. Бірақ, ол армандары әзірге орындалар емес.