Көз жасын көл қылған жалғызбасты келіншек 4 баланың анасы. Баласының екеуі мүгедек, кенжесі бір жаста екен. Сондықтан сәбиін бағып байланып отыр. 4 перзентіне айына 7 мың теңге жәрдемақы беріліп келген. Бірақ, сол болмашы ақшаның өзін үш айдан бері поштадан ала алмай жүр.
Ләззат Әбдірахманова, Аңдас батыр ауылының тұрғыны:
-Өзім пәтерде тұрамын, балам мүгедек Таразда жатыр. Қызым талып қалады үнемі. Пәтерде тұрамын ақшамды күнде бер деп сұрап келеді. Ал, бала шағам аш жатыр. Кеп сұрасам ақша жоқ дейді.
Жөргекпұл мен жәрдемақысын даулаған жұрттың қарасы көп.Айтуларынша, ауылдағы пошта басшысы өзі-би, өзі қожа екен. Көңілі қаласа қаржыны береді, болмаса ақша жоқ деген желеумен кері қайтарады. Тұрғындар жергілікті билікке де шағым түсірген, бірақ нәтиже жоқ.
Рима Сұлтанқұлова, Гранитогорск ауылының тұрғыны:
-Гранитагорск ауылына келімін, күніне ары- бері 800 теңге жолыма кетеді. Мысалы қарасаңыз үш ай болды, Құлан көрші ауыл алып қойған. Ал бізде тексеру жоқ, Меркіні сонда тексермейді ма ешкім.
-Тұрғындардың айтуынша, пошта қызметкері бұған дейін алаяқтықпен істі болған екен. 4 жыл бойына мүгедекке берілетін қаржыны өзінің қалтасына басып келген. Оның қылмысы әшкере болып, 3 жыл жартты мерзімге сотталған. Бірақ соған қарамастан жұмысына қайта оралыпты. Жұрттың ызасын туғызғаны да осы.
Айсажан Зайытов, Андас батыр ауылының тұрғыны:
— Сотталса да , сы жерде бүгінгі уақытқа дейін жұмыс істеп жүр ол кісі. Шу шығып біле бастағанан кейін бүгін келсек бір еркекті отырғызып қойыпты. Сөйтсек күйеуі екен. Ол кісі өзі мүгедек, пенсия алады. Ешқандай білімі жоқ, осы жерде отырып алып халықтың ақшасын таратпақшы.
Пошташыны жұмыс орнынан табу мүмкін болмады. Ал, аудандағы байланыс торабының басшысы істі болған бұрынғы қызметкері қайта жұмысқа оралған жоқ деп мәлімдеді. Орнына күйеуі келгені рас, бірақ келеңсіз жағдайға ол емес, жергілікті билік кінәлі деп салды. Шенділер бес ауыл тұрғындарына жәрдемақы мен жөргекпұл таратуды бір-ақ поштаға міндеттепті. Қаржыны үлестіріп, үлгермей жатырғаны сол екен.
Қонысбек Райымбаев, Меркі аудандық пошта байланыс торабының бастығы:
-Ауылдан елдер қашық. 20 км жерден келеді, Арал қышлақтан келеді 15-20 км, Қызыл қышлақтан келеді ол да сол, Шалдавардан келеді. Ол аралықтың бәрі сондай. Сонда 4-5 ауылдың бәрі жалғыз Аңдас батырдағы поштадан келіп алады.
Онсыз да ілініп-салынып, әрең жүрген қарашаға атқамінерлер қос-қостан газетке жазылуды міндеттейді екен. Алайда мұны шенділердің өзі мойындамай отыр. Алдағы күндері талай былықтың беті ашылуы ғажап емес. Өйткені бүгінгі шудан кейін қаржы полициясы тексеруге кірісті.