Яғни, жалақысы аз, шамасы жетпейтін азаматтарға бұдан былай қарыз берілмейді. Ай сайын төленетін несие кемі табыстың жартысы болу шарт. «Қара тізімге» қарызы онсыз да бастан асатын борышкерлер енген. Осылайша, банктердің нағыз пайда көзін шорт кескен Ұлттық банк керісінше депозиттердің сыйақы мөлшерін арттырыпты. Енді ақшасын теңгеде сақтауды жөн көрген салымшыларға екінші деңгейдегі барлық банктер депозиттеріне үстеме тағы 1 пайыз қосуы тиіс. Есесіне доллармен ақшасын сақтайтындардың сыйақысы 4 пайызға дейін төмендеген. Ұлттық банк өткен айдағы девальвациядан кейін ұлттық валютаға деген сенімді осылайша қайтармақшы.
Ажар Нұрмағамбетова, қаржы сарапшысы:
-Қазір көп адамдар банктерге қарызын қайтармай жүр. Несиені шектеу арқылы қаржы мекемелері проблемалық борышкерлерден құтылады деп есептеймін. Дегенмен де, қолма қол қаражатқа мұқтаж қарапайым халыққа да қиынға соқпақ. Өйткені, жаңа ереженің салдарынан көп азаматтар енді мүлде баспана ала алмайтын болады.