«Мен гендерлік саясатқа біртабан жақын әкім болуға тырысамын. Әйелдерді басшылық қызметтерге көбірек тартамын. Басшылық қызметтегі әйелдердің жауапкершілігі мол, жұмысқа қабілетті», — деді Қ.Бозымбаев «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне.
Оның айтуынша, Жамбыл облысын басқарған кезде алты басқарманы әйел адамдар басқарған. Сондықтан Павлодар облысында да әйел басшылардың саны одан төмен болмауы тиіс.
«Бізде жиырма басқарма бар. Басқарма бастықтарының орынбасары қызметтерін тамаша әйелдер атқарады. Бастық болып отырған ағалар бжиналыстарда біреудің жазып берген баяндамасын оқиды. Ондай бастықтардың не керегі бар?» – деді аймақ басшысы.
Дегенмен, Қ.Бозымбаев әйелдерді әкімдікке тағайындау мәселесіне сыни көзбен қарайтынын айтты. Қазір Павлодар облысында бір ауылдық әкімді әйел адам басқарады, дейді ол.
«Оңтүстікте әйел-әкімдер болған жоқ. Ол жақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Мен бұл жақта да аталған мәселеге сыни тұрғыдан қараймын. Қанша дегенмен ұлттық ерекшеліктер бар ғой», — деп түсіндірді әкім.