Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең таңдаулы аруларын Ақордаға шақырып, өз сыйлығын табыс етті - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең таңдаулы аруларын Ақордаға шақырып, өз сыйлығын табыс етті

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең таңдаулы аруларын Ақордаға шақырып, өз сыйлығын табыс етті

Нұрсұлтан Назарбаев қыз-келіншектерді Ақордаға шақырып қонақ қылды! Бүгін президент тығыз жұмыс кестесінен уақыт тауып, 2 сағатын еліміздің ең сұлу және табысты аруларының  ортасында өткізді. Нәзік жандыларды төл мерекелерімен құттықтаған Елбасы олармен емен-жарқын әңгімелесті. Тіпті арнайы сыйын табыстап,  құр жіберген жоқ.

  • 8 Наурыз 2014
  • 220
Фото - Caravan.kz

-Бүгін Ақорда арулар үшін есігін айқара ашты. Шақырту алып, президент сарайына алғаш келгендердің қуанышында шек жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев, мереке иелерінің бірін де, назардан тыс қалдырмады.  Барлығына ерекше құрмет көрсетіп, қонақ қылды.

Міне, айна алдындағы соңғы әзірлік. Шашын сәндеп, боянып сыланып  жатыр. Ал таққан әдемі әшекейлері көздің жауын алады. Қыз-келіншектердің көбі көк пен қызыл түсті көйлек киіп келген. Оны, барлығы арнайы тапсырыспен тіктіріпті.

Толқын Забирова, әнші:

-Жаңадан көйлек тіктірдім. Әшекейлердің барлығын алдық. Әдейілеп осы көйлекке арнайы. Әрине, Елбасының алдына күнде шығып жатқан жоқпыз.

Кішігірім дайындықтан соң мереке иелеріне әдетте мемлекет басшыларымен келіссөз жүргізілетін залдың есігі айқара ашылды. Бұл жолы Елбасыдан құттықтау қабылдау бақыты еліміздің әр аймағынан келген 23 қыз-келіншекке бұйырған. Бірі көп балалы ана, екіншісі өз саласында елеулі жетістікке жеткен өнер, спорт, бизнес пен әскери қызметті ұршықша иірген жандар.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Сіздер арқылы, бүкіл Қазақстанның азаматшаларын, біздің әйел қауымын осы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, жанұясында тыныштық, жақсылық береке тілеймін.  Еңбектеріңіз үшін шын жүрегіммен ризашылығым мен рахметімді қабыл алыңыздар.

Жиналғандардың толқып, әңгімеге араласпай отырғанын сезген Нұрсұлтан Назарбаев, тізгінді өз қолына алды. Әзіл айтты, қыздармен қосылып ән шырқады. 

-Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…

Президентпен шампан толы бокал түйістірген қыз-келіншектер Ақордадан бос қайтқан жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев көктемдей құлпырған аруларға гүл, бір қорап тәтті мен шаңырақ бейнеленген ұлттық нақыштағы кеудеге тағатын сәнді түйреуішті сыйға тартқан. Ал ерекше сыйлыққа риза болғандар, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.