-Біз қазір тәртібі темірдей паралимпиада қалашығындамыз. Қатысушы 45 елдің спортшылары орын тепкен бұл жерге мынадай ресми рұқсатсыз енсеңіз бұл маңға өтпейсің өтсең қайтып кетейсің деген қасаң қағида қолданылады. Паралимпиада қалашығына жету жолында мынадай бірнеше тексеру орындары орналасқан. Және бұл жер тәртіп сақшыларының да тәулік бойғы бақылауында. Жалпы паралимпиада қалашығында спортшыларға арналып отыз төрт үй соғылған. Міне қазақ спортшылары қалашықтың күнгей бетіне орын тепкен. Біздің спортшылармен бірге бір шатырдың астында Канада, Болгария және Монғолия спортшылары қоныстанған.
Жасанды қар төселген қалашықта тек осындай көлікпен жүйткімесең жаяу жүру аяқтың азабы. Сол себепті тау басындағы спортшылардың жатағына жеткендерді арнайы көлікпен күтіп алады. Жалпы паралимпиадаға қатысып жатқан 500-ден астам саңлақ осы қалашықта жайғасқан. Тәртібі темірдей жерде жасалған жағдай отандастарымыздың көңілінен шығыпты.
Ерназар Бексұлтанов, Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілі:
-Спортшылардың жатақханалары тамақтану орындары өте жақсы деңгейде. Және де мына адамгершілікке көп көңіл бөлінген. Автобуспен алып келуге және уақытпен жүруге бәрі жақсы дайындалған.
Ерлан Омаров қазақ туын паралимпиаданың ашылу салтанатында көтеріп шыққан. 52 жастағы шаңғышы да қалашықта қарасқандарға дән риза. Ертең жарыс жолына шығатын Ерлан көңіл толқынысын жасыра алмады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлерімен айналысқанына 20жылға жуықтапты. Қол күресінен спорт шебері атанған ол қысқы спортты да жатырқамады. Атағынан ат үркетін мықтылармен бір шақырым шаңғы байлап сайысатын азамат ертеңгі күннен үлкен үміт күтуде.
Ерлан Омаров, шаңғышы:
-Өзімнің мүмкіндігіме қарағанда мына аяғымда алған жарақытыммен қарсыластарым өте мықты маған қарағанда. Неге десеңіз менің мына аяғымның 2 суставы да істемейді. Мен сияқтылар аз, мен сияқтыларды бір топқа кіргізген. "Шанс жоқ" деп айтпаймыз. Біз өз дайындығымызды көрсетеміз.
Қазір спортшыларымыз тәулігіне екі сағаттан арнайы бөлінген спорт кешендерінде жаттығып жатыр. Өздеріне оңтайлы уақытты алдын ала ұйымдастырушылармен келісіп алса болды. Өйткені жаттығу үшін берілген жолақтар бір сәтке де, бос тұрмайды. Төрткүл дүниеден жиналған спортшылар кезегімен таңнан қара кешке дейін дайындықтарын пысықтайды мұнда. Сонымен Ерлан Омаров бастаған шаңғышылардан қазақ жанкүйерлері бір медаль күтіп отыр.