59 жастағы Франция азаматы дуадақ өсірумен айналысатын маман ретінде шақыртылған. Тергеу барысында ол фирмаға тиесілі 85 мың долларды жұмсап қойғанын, ал қаржылық тексеріс болатынын естігенде бір жоспар ойластырғанын айтты. «Ол ұрлау фактісін жасыру үшін фирманы тонамақ болған. Сол күні сезікті бухгалтерияның кабинетіне кіріп сейфтің кілтін алған. Кейін сейфтегі бар ақшаны алып, кеңсенің астан-кестеңін шығарды. Ол оқиға орнынан ізін суытып, қаржыны бір жерге жасырған», — деді мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
«Франция азаматы Шымкенттің тәртіп сақшылары бұл қылмыстың бетін аша алмайды деп ойлаған болар»,- деген болжам жасады Салтанат Қаракөзова. Алайда сейфтің бұзылмағанын көрген полицейлер бұл қылмысты қызметкерлердің бірі жасағанын аңғарды. Күдіктінің сөмкесінде 100 АҚШ доллары табылған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 175 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Ол кінәсін мойындады.