-Бұл ауылда алғаш рет 2011-ші жылы белгісіз ауруга шалдыққан 1-2 адам тіркелген екен. Бастапқыда аса «қауіптене қоймадық» дейді дәрігерлер. Ал, былтыр дәл осы наурыз айында ессіз ұйқыға кеткендер саны күрт артқан. Содан бері сан рет сараптама жүргізілсе де, ешкім дерттің себебін дөп басып айта алмай отыр.
Бастапқыда жұрт жаппай жайлаған індетті ауылдың іргесіндегі бұрынғы уран шахталарынан, кейін тұрғындарға ортақ мына құдықтан көрген болатын. Топырақ, су, ауа мен азық-түліктен сан мәрте сынама да алынды. Оның қортындысына сүйенген Денсаулық сақтау министрлігі «радиацияның еш әсері жоқ» деп отыр. Бірақ оған жергілікті тұрғындар сенбейді. Себебі ауылдағы ахуал күн сайын нашарлап барады.
Татьяна Протасова, Калачи ауылдық ауруханасының бас дәрігері:
-Қазір бұл дертке шалдыққандардың саны 36 адамға жетті. Әсіресе, бұл індет көктемде өрши түседі. 1-2 күнде ауа-райы жылиды деген болжам бар. Науқсатардың да саны арта ма деп қауіптеніп отырмыз.
Қазір аты жоқ ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге дәрігерлердің күші жетпей отыр. Әлі күнге нақты диагноз да қойылар емес. Бүгін сау жүрген адамды аяқ асты ұйқы қысады. Ал, басы жастыққа тисе болды, 4-5 күнге дейін есінен танып ұйқыға кетеді. Екі жыл бұрын дәл осы індетке жергілікті аурухананың медбикесі де шалдығыпты. Содан бері есте сақтау қабілеті нашарлаған.
Ирина Павлюченко, Калачи ауылдық ауруханасының медбикесі:
-Көршім екеуміз үйде шай ішіп отырғанбыз. Аяқасты көршім мазасыздана бастады. Оны жатқызып «дәрі берем» деп жүріп өзім де қалғып кетіппін. Тек бесінші күні ауруханада ес жидым.
Ең өкініштісі, Калачи ауылында ұйқы қысып есінен танғандардың арасында балалар көп. Соңғы айда 3 балғын ауруханаға түскен.
Наталья Колесниченко, Калачи ауылының тұрғыны:
-Балам мектептен келген соң, тамағын ішіп, ұйықтап қалған. Оятсам тұрмайды. Дереу дәрігер шақырдық. Екі апта бойы ауруханада жатты. Қазір басы, аяғы ауырады.
Осылайша, Калачидің құтын қашырған бұл індетке ешкім тұсау бола алмай отыр. Ал, ауыл тұрғындары болса, бұл жерден көшуді ойлайды. Алайда өз күштерімен басқа қалаға қоныс аударуға шамалары жетпейді. Сондықтан Үкіметтен көмек сұрап отыр.