Серік Мухтыбаев, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
— Әуе кемесінің біздің елдің аумағына өтуі мүмкін емес. Өйткені Қазақ көгіне жеткенше көршілес бірнеше елдің шекарасын басып өтуі тиіс еді. Және де белгісіз ұшақ туралы ақпарат болса дереу біз құлақтанар едік.
Қай қырынан қарасақ та жоғалған Боингтің қазаққа қатысы бар болып шықты. Көгімізге кірмегенмен Боинг-777 қазақстандық сақтандыру компаниясында сақтандырылған екен. Нақтыласақ, ұшақ әлемнің әр қиырындағы оннан астам сақтандыру компаниясына тіркелген, соның белгілі бір пайызы отандық компанияға да тиісті екен. Малайзия «Эйрлайнс» Қазақстандық әріптестеріне хабарласып шығынды әзірден есептей беруді сұраған. Техникадан бөлек сақтандырушы компаниялары егер ұшақ апатқа ұшыраған болса, марқұмдардың отбасыларына да өтемақы төлейді. Естеріңізге салсақ, Боингте 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.
Самат Қабдолов, «Евразия» сақтандыру компаниясының атқарушы директоры:
— Өтемақы көлемі 100 миллион долларға жуық болады деген болжам бар. Одан бөлек борттағы адамдарға да өтемақы төленуі керек. Боинг-777-ні сақтандырған барлық компаниялар қазір қаржылық төлемге дайын екенін жеткізді. Егер борттағы жолаушылардың ешбірі тірі қалмаса ол өтемақы тағы 100 миллион доллардан асып жығылады.