Стадион толы көрерменді дүр сілкіндірген алғашқы голды қонақтар соқты. Кездесудің 56-минутында Диегоның шамамен 30 метр қашықтықтан шірене тепкен добы қақпаның жақын жоғары бұрышынан табылды. Шабуылды үдете түскен алаң иелері, одан әрі «Атлетиконың» қорғаныс шебіне тыным бермеді. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Бұл сәтте Иньеста жоқ жерден жол табатын нағыз сұңғыла футболшы екенін тағы да көрсетті. Оның қолмен қойғандай керемет шығарып берген добын Неймар нәтижелі соққымен түйіндеді. Енді 9- сәуір күні Мадридте өтетін қарымта матчты асыға күтетін боламыз.
Осы күні өткен екінші ширек финалдық матчқа кезек берсек, «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Бавариямен» тең түсті. Соңғы кездері сылбыр өнер көрсетіп жүрген «МЮ» бүгінгі бәсекеде өз жанкүйерлерін қуантудың жолын іздеп бақты.
Кездесудің 58-минутында бұрыштан берілген допты торға тура бағыттаған Неманья Видич, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Бірақ әліптің артын баққан бундеслига чемпиондары өз кезегін күткен екен. Араға тоғыз минут салып оң қанаттан алға ұмтылған баварлықтар алаң иелерін сан соқтырып кетті. Бұл тұста жақын жерден қақпаны дәл көздеген Бастиан Швайнштайгер ептілік танытты. Бұл жұптағы үздік команданы 9- сәуір күні Мюхендегі қарымта матч анықтап береді.
Ширек финал аясындағы қалған екі матч бүгін өтеді. Мадридте жергілікті «Реал» дортмундтық «Боруссияны» ал «Пари –Сен- Жермен» өз алаңында «Челсиді» сынаққа алады.
Әдеттегідей бүгінгі алғашқы ширек финалдық матчтар да КТК көрермендері назарынан тыс қалмайды. Түнгі сағат 00:30 «Пари – Сен-Жермен » — «Челси» арасындағы бәсекенің тікелей көрсетілімін ұсынамыз. Ал, 03:00 «Сантьяго Бернабеудегі» кездесудің жазылып алынған нұсқасын көре аласыздар.