Күннің күрт жылынып кетуі төтенше жағдайлар қызметіндегілерді әбден әбігерге салды. Ормандағы құраған ағаштар мен дала алқаптарындағы кепкен шөп өртеніп жатыр. Бір аптаның ішінде осындай жетпістен астам оқиға тіркелген.
Евгений Шатурный, ШҚО ТЖД баспасөз қызметкері:
—Осы уақыт аралығында өртке қарсы қызметтің барлық техникасын іске қостық. Себебі шақыртулар өте көп. Өткен тәулікте отызға жуық қоңырау түсті. Кей жерлерде адамдар көкке шығамыз деп құраған шөптен байқамай өрт шығарып алған жәйттер де бар.
Күннің қызуын сезсе керек, кенелер де биыл ерте ояныпты. Санитарлық қадағалау департаментіндегілер бір апта болды кене энцефалитінің эпидемиологиялық кезеңі басталды деп дабыл қағып отыр. Ерте келген көктемнің кенелерінен қазірдің өзінде біраз адам жапа шеккен.
Сайран Айдарбекова, ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің маманы:
-22 жағдай тіркелді. Кене энцефалиті бұл облыста өзекті мәселе. Тұрғындар жеке бастарын қорғау ережелерін сақтауы керек.
Ал Ақмола өңіріне қыс қайтып оралды. Кей жерлерде боран соғып, қардың қалыңдығы сегіз сантиметрге дейін жеткен. Күн бұзылған соң жолға шыққан жолаушылар діттеген жеріне жете алмай діңкелеп жатыр.
—Синоптиктер Шығыста сәуірдің алғашқы күндерінде мұндай жоғарғы ауа температурасын тіркеп көрмеп едік деп таң қалуда. Айтуларынша, бұл жылы ауа масссалары өңірге Орта Азиядан келген. Сондықтан күн сайын сынап бағанасы плюстен жоғары өрлей беретін болады деп. Бәлкім, жалғаса берсе, айдың соңында тұрғындар суға шомылу маусымын ашатын болар.