Қазіргі кезде ресейлік режиссер Андрей Шальопаның «28 панфиловшы» туралы түсіріп жатқан фильмінің тағдыры қаржылық көмекке байланысты болып отыр. Сонымен қатар қырғыз режиссері Нұрлан Абдықадыровтың «Үйлену тойы марафоны немесе бомбамен саяхатттау» комедиясы да қосымша қаржыландыруды қажет етуде. Бұл жайында «Экспресс-К» басылымы «Отступать некуда — позади бюджет» атты мақалада жазды.
Андрей Шальопа бірнеше мәрте ресейлік шенеуніктерден 2 млн. доллар бөлу туралы өтініш жасаған, алайда олар киноға қаржы аударудан бас тартып отыр. Осы мәселені ғаламторда жариялағаннан кейін ғана режиссерге желінің 20 мың пайдаланушысы 500 доллар көлемінде қаржы жинап берген.
Тек осыдан кейін ғана ресейлік шенеуніктер көмек қолын созуға ниеттенген, алайда Андрей Шальопа мемлекеттік қаржыдан бас тартты. Осы орайда режиссер шенеуніктердің қысымынсыз халықтық-патриоттық киноны түсіргісі келеді. Сонымен қатар ол кино жұлдыздарының да көмегіне жүгінбеген екен. Бұл туынды панфиловшылардың тек соңғы ұрысына ғана арналмақ. Фильмнің түсірілімі наурызда Санкт-Петербор маңында басталды. Бүгінде киноның бюджеті сарқылса да, ол биылғы қарашада кинолентаның таныстырылымын өткізуге үміттеніп отыр.
Ал Қырғызстанның режиссері Нұрлан Абдықадыровке «Үйлену тойы марафоны немесе бомбамен саяхаттау» фильмін аяқтауға шамала қаржы жетіспей тұрған көрінеді. Айта кетейік, бұл киноға «Қазақ-қырғыз — бір туған» деген екінші атау берілген екен.
Фильм сюжетіне тоқталатын болсақ, қырғызстандық бір отбасы қалыңдық айттыру үшін Алматыға тау асуы арқылы барады. Шекараны заңсыз өткені үшін ұсталған олар келісім жасауға мәжбүр болады: Алматыға дейін бір жәшік минаны жеткізіп салуға келіседі.
Картинаның мазмұны түкпірдегі елді мекендерде тұратын адамдардың қарапайымдылы мен қазақ және қырғыз халықтарының жақындығын баяндайды.