М.Бекбосынова кәсіпкер әйелдермен, атқарушы және өкілетті билік органдар, ҮЕҰ және басқа да ұйымдар мен мекемелер өкілдерімен кездесті.
«Облыста он екі гендерлік үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметте 2693 адам жұмыс істейтін болса, соның 1630-ы, яғни 60 пайызға жуығы — әйелдер. 23 облыстық басқарманың жетеуін әйелдер басқарады, 7 мемлекеттік саяси қызметшінің ішінен — екеуі әйелдер. Билік органдарында 115 өкілдің жиырмасын әйелдер құрайды. Кәсіпкерлік белсенділік туралы айтар болсақ, бізде 31 500 шағын және орта бизнес кәсіпорындары тіркелген. Олардың 40 пайызға жуығын (8850 кәсіпорын) әйелдер басқарып отыр. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында жеті жастар орталықтары жұмыс істеуде», деп әңгімеледі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Халила Нұрғалиева.
«Біз алға қарай жылжуға тиіс бірінші бағыт — әйелдердің еліміздің саяси өміріне, билік органдарына қатысуына жағдай туғызу, олардың шешімдер қабылдауына мүмкіндік беру. Егер 2004 жылы Қазақстанның билік органдарында 5 пайыз әйелдер болса, бүгінде Парламентте әйелдер 28 пайызды құрайды. Бірақ та облыстық мәслихаттарда мұндай үрдіс болмай отыр, бұл мәселе бойынша Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевпен пікірлестік. Біздер билік органдарындағы әйелдер санын 30 пайызға дейін жеткізуге тиіспіз. Екінші мәселе — кәсіпкер әйелдерге көмектесу. Шағын және орта бизнес субъектілері — ел экономикасының негізі. Бизнес және әсіресе ауылдағы кәсіпкерлік өкілдері әйелдер болуы тиіс. Өткен жылы әрбір үшінші шағын несие әйелдерге берілді. Үшінші мәселе — тұрмыстық зомбылықтың алдын алу, бөбектер үйлері мен дағдарыс орталықтарын көбірек құрып, отбасы институтын нығайту жөніндегі барлық құқықтық мәселелерді шешу қажет», — деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген М.Бекбосынова.
Ұлттық комиссия атынан ол барлық өңірлерде жастармен ғана емес, әлі бір-бірімен түсіністік таба алмай жүрген жас отбасыларымен жұмыс жасайтын отбасы институттарын құруды ұсынды. Жетімдер мәселесі туралы айта келіп, ол әжелер қоғамын құрған Талдықорған облысының тәжірибесін үйренуді ұсынды, олар жастарды тәрбиелеуге және жалғызілікті аналарға көмектесуде.
Махаббат Бекбосынова облыстық бөбектер үйінде, балалар үйінде және басқа да нысандарда болып, балаларға көмек көрсетудің мемлекеттік тетіктерінің қалай жұмыс жасап жатқанын тексерді.