«Тоска» операсы — бұл әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының түпнұсқадағы қойылымының жас театр сахнасына көшірілуі. Жоғары сапалы материалдардан әзірленген декорациялар мен костюмдер миландық театрдың шеберханаларында жасалған. Енді елорда тұрғындары мен қонақтары операның отаны — Италияның ұлы өнерін өз көзімен көретін керемет мүмкіндікке қол жеткізеді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
Көрерменнің елегінен операда аты шыққан итальяндықтар: әлемдік опера сахналарында жоғары сұранысқа ие, өлеңді мәнеріне келтіріп орындаудың шебері, Паваротти, Доминго және Каррерастан кейінгі «төртінші» тенор деген аттан үміткер — Марсело Альварес (Каварадосси), соңғы жылдары биік сахналарды мойындата бастаған итальяндық сопрано Анна Пироцци (Тоска), атақты баритон Паоло Сильверидің шәкірті — Альберто Мастромарино (Скарпия) өтеді. Дирижері — әлемдегі белгілі маэстро Даниель Орен, режиссері — Лука Ронкони, оның шоқтығы биік қойылымдары үнемі театр әлемінде айтулы оқиғаға айналады. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген бұл туынды әлемдік репертуарларда жиі орындалатын үздік опералардың бірі. Аталған музыкалық шығарманың әуені көптеген кинофильмдерде қолданғандықтан, кеңінен таралып, көпшілікке танымал болды, себебі оның желісі операдағыдай драматизмге, сатқындыққа, өлім жазасының көріністеріне толы. Дж. Пуччинидің ең драмалық операсының әсерлі көріністері көрермен назарын басынан аяғына дейін жіпсіз байлайды.
Маргерита Паллидің күшті сезім жатқан ойын жеткізетін декорациясы өткен жүзжылдықтың тарихи оқиғасы — Наполеон басқарған француз әскерінің 1800 жылы Италияға басып кірген кезін суреттейді. Вера Марзоттың нобайымен әзірленген костюмдердің нақышы да оқиғаны анық бейнелейді.
Қоюшы режиссер басты назарды адамның құштарлығына, нақтырақ айтқанда, саяси оқиғаларға ілігіп, озбырлықтың, азаптың, өлім жазасының құрбанына айналып, тағдыр тәлкегіне түскен ғашықтар — суретші Каварадосси мен әнші Тоска жайлы оқиғаға аударады.
Опера желісі тарихи негізі бар бүгінгінің триллерін еске түсіреді. Итальяндық әнші әрі патриот Тоска өз өміріне өзі балта шабады, осы тұста режиссер кейіпкерінің өлімі арқылы да оның рухының әсемдігін, асқақ екенін көрсете алды.
«Астана Опера» театры директорының шығармашылық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі Уильям Грациозидің айтуынша, ұлы итальяндық шеберлер көрерменге алып сезім күшіне және бейнелі әсерге толы қойылым ұсынады.