Құжатқа сай, ендігі жерде қарапайым тұрғындар ғана емес, ірі кәсіпкерлердің де қалтасы қағылады. Мәселен, сметалық құжаттары жоқ бола тұра құрылысты бастап кеткен компанияларға 1 жарым млн. теңге айыппұл салынады. Нысанды тұрғызу кезінде жұмысшылар ауыр жарақат алса да осыншама қаржы төлеуі тиіс. Ал, жалақыны кешіктірген немесе мүлдем бермей қойған жұмыс беруші 74 мың теңгесінен қағылады. Сонымен қатар Кодекс бойынша қоғамдық орында шемішке шаққан, темекі шегіп, ішімдік ішкендер жазасыз қалмайды. Оларға 9 бен 28 мың теңгенің аралығында айыппұл қарастырылған. Осылайша, бюджеттің бүйірі толып, тәртіп бұзу мүлдем азаюы тиіс. Кіріс кәсіпкерлердің есебінен де түседі.
Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс депутаты:
–Мысалы, бизнеске айыппұлды көбейтіп отыр деп бізді айыптауы мүмкін. Бірақ, мұндағы ең басты құндылық – азаматтардың қауіпсіздігі. Қаншама үйлердің құлап жатқанын, қаншама азаматтардың зардап шеккендерді көріп отырмыз. Мұндай құқық бұзушылықтарды болғызбау керек. Біздің жалпы, бұл кодекстің мақсаты сондай болатын.