Төретам — Байқоңырдан небары 3 шақырым жердегі ауыл. Мұндағы жұрт Ресей жалға алған Байқоңырға басыбайлы тәуелді. Бірақ онда аттап басып кіруі мұң.
Әділбек Өтебаев, Төретам ауылының тұрғыны:
-Қазақстанның басқа облысы, басқа жерлері алса алған шығар егемендік, Төретам мен Ақай егемендік алмады. Қалаға да кіре алмаймыз. Қалада ЦОН, прокуратура, Ішкі Істер бөлімі, Халық банкі бәрі сонда. Шығарып берсін, болмаса ашсын қаланы.
Жұрт Байқоңырдың ішінде ғана емес, Төретамның өзінде де аяғын аңдап басады. Өйткені, ауыл сызып қойған шеңбердің ішінде тұр. Ал, айналаның барлығы ғарыш айлағына тиесілі. Сондықтан мұнда мал бағып, егін екпек түгілі жеке үй салуға жер жетпейді.
Жаңаберген Аманжолов, Төретам ауылының тұрғыны:
-Төретам 272 гектар жерде тұр. Мына трассадан ары өтсең, малыңды, өзіңді ұстап алады. Мал жайылымы жоқ. Бес литр бензин құйған машинам тұр, түтін шығады деп байлап қойды. Ал, 600 тонна гептил аударылғанда дым жоқ.
Гептил төретамдықтардың жанжарасына айналған. Дәл іргеден «Протон» ұшқанда жандарын шүберекке түйіп отырады. Ал былтырғы апаттан кейін ауылда адам өлімі күрт артқан. Үлкен де кіші де, шеттерінен дімкәс.
Шәкен Балжайев, Төретам ауылының тұрғыны:
-Осы кешегі жетіде алты адамды жерледік бір күнде. Үкіметке айтсақ, «ой, гептилдің зияны жоқ» дейді. Қазір қан қысымы, мүгедек балалар, қант диабеті деген көбейіп кетті. Екі күннің бірінде өліп жатыр. Оны ешкім ракетадан көріп отырған жоқ. Ресей зияны жоқ десе, сонымен мұрындары бітіп, ештеңе істей алмай отыр.
Ал, төбесінен гептил тонналап төгіліп, у жұтқан жұртқа өтемақы ретінде соқыр тиын да төленбеген. Ол аздай 12 мың халқы бар ауылда аурухана атымен жоқ. Бары 50 кісіге арналған жалғыз емхана. Байқоңырдың емдеу мекемелері оларды қабылдамайды екен. Бір қызығы, тұрғындар зар жылап отырғанда Төретамның дәрігерлері алаңсыз.
Нәбира Бектасова, Төретам ауылдық емханасының меңгерушісі:
-Біз ай сайын, тоқсан сайын анализ жасаймыз, статистика әзірлейміз. Айырмашылығы байқалмайды, бір аурудың көбейіп не азайып кеткені жайлы. Қатты өзгеріс жоқ.
Төретамда есебі түгел тағы бір адам – ауыл әкімі. Міне, жақын күндері қуат көзін күн сәулесінен аламыз деп мақтанып тұр. Басқа да ауқымды жоспарлары бар. Алайда оның бәрі әзірше, қағаз жүзінде.
Мырзабек Демесінов, Төретам ауылының әкімі:
-Қармақшы ауданында бізде көлдер сатылады. 49 жылға жалға беріледі соларды алып, мал шаруашылығын дамытып жатырмыз. Балық өнімдерін дамыту кешінде жоспарда көрсетілген.
-Байқоңырдың түбіндегі Төретам ауыл әкімінің айтуынша ғана күн санап көркейіп келеді. Шын мәнінде елді мекен құрылыс қирандылары мен қоқыстың ортасында тұр. Ал жұрттың жанайқайы жоғарыдағы шенеуніктерге жетер емес.