Александр Чередниченко күнде әйелі мен қызын жұмысқа осылай шығарып салады. Кейде көршісі қайықпен келіп, алып кетеді екен. Үйдің бірінші қабатын толығымен су басып қалғандықтан, отбасы әзірге шатырды паналаған.
Александр Чередниченко, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Үйдегі судың деңгейі метрден асты. Сырттан кіре алмай қалдық. Мына көпірлер тым төмен орнатылған. Алғашқы күндері оларды да су шайып, баспанамызға жете алмай қалып едік. Кешеден бері ғана судың деңгейі аздап түсе бастады.
Қаланың шетіндегі Былғары зауыты деп аталатын ықшамаудан тұрғындарынан бірнеше күннен бері маза кеткен. Соңғы рет баспаналарына қызыл су 8 жыл бұрын кірген екен. Онда да бір күнде келген су артынша тартылған. Осы жолғы тасқынның ұзаққа созылатын түрі бар.
-Мына үйлердің мал қоралары бірнеше күннен бері су астында тұр. Тұрғындар үй жануарларын тура көшеге шығарып бағып отыр. Малдың жемазығы мен шөбі де құрғақ жерге шығарылыпты.
Бұл маңдағы 6 үйді толығымен су басып қалса, қалғандарының аулалары, жертөлелері суға толы. Төтенше жағдай қызметкерлері күнде келіп жағдайды өз көздерімен көріп кетеді. Жұртты эвакуациялауға қажетті орын да дайындалыпты. Алайда тұрғындар одан бас тартқан.
Кенжеболат Айтжанов, СҚО ТЖД қызметкері:
-Өздерінің малдары бар, үйлері бар содан барғылары келген жоқ. Мектепті дайындады, төсек орын бар, тамақ бар. Бүкілі бар онда. Бірақ бармаймыз деп бас тартып жатыр.
10 күн бойы ернеуінен асқан Есілдің беті енді ғана қайта бастады. Кешелі бері судың деңгейі 15 сантиметрге түсіпті. Көп болмаса да, тұрғындар мұны көңілге медеу тұтып отыр. Қызыл су қазір Ресейдің шекара маңындағы ауылдарына қарай кете бастаған.