Күн санап қабаты көбейіп келе жатқан ғимараттың құрылысы мына үй тұрғындарын қатты алаңдатады. Олар айналадағы күл-қоқыс, шаң-тозаң мен күндіз-түні шулайтын техниканың жұмысына үйреніп те қалған. Бірақ салынып жатқан ғимарат биіктеген сайын аулаға шығудан қорқып отыр. Бірнеше күн бұрын ғана құрылысшылар 12-ші қабаттың қабырғаларын тұрғызып жатқанда тонналаған бетон конструкция тура кіреберіс жерге құлапты.
Ольга Семененко, Алматы қаласының тұрғыны:
-Біз құрылыс басталғалы бері шуға үйреніп те қалдық. Күл-қоқысты да төбеден тастай салатын әдеттері бар. Кезекті рет солай жасаған шығар дедім. Бірақ қарап қалсам тақтайлар мен бетон ерітіндісі құлап келе жатты.
Осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де болған. Тура адам жүретін аумаққа екі күннің бірінде арматура, құрал-сайман құлайды. Жұрт осымен үшінші жыл құрылысшылармен арпалысуда. Бірақ қазірге дейін еш нәтиже шыға қоймапты.
Файзулла Әбдішев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Прокурорлар мен полиция келіп кетті. Бірақ олар бізді жақтамайды. Айтуларынша құрылыс жүргізу үшін барлық құжаттар заңдастырылған. Ал қоршаудың арғы жағындағылар далаға шықпаңдар деп ескертіп қояды бізді.
Амалы таусылған тұрғындар салынып жатқан нысан басшылығымен сан мәрте кездесуге әрекет жасаған. Бірақ қақпадан ары қарай өте алмайды. Тұрғындар мәселені енді сот арқылы шешпек. Балалар алаңын қайтарып алу мүмкін болмаса да, олар қалған жерді сақтап қалуға ниетті. Себебі жақын арада бұл жерде тағы автотұрақ салынбақшы деген ақпарат бар.