Әкесіз, бар деген аты болмаса ананың алақанын да аракідік көріп, тек әжесінің бауырында өскен қызды қарт ана жүрегі қарс айырыла жоқтайды.
Ғайнижамал Ысқақова, марқұмның әжесі:
-Үйде көмекшім еді. Үйдің барлық тіршілігі соның мойнында еді. Алтын балам-ай жоғалтып алдым ғой. Менің алдымда кетіп қалды-ау, менің жолым еді. Жол менікі еді жарық дүниеге симай кетті балам.
Марқұмның туыстары болған жайтке мектеп ұжымын кінәлауда. Жеткіншек Жеңіс күні мерекелік шарадан шеттілген екен. Суицидке де сол себеп барды дейді олар.
Жанна Әбілқасымова, марқұмның туысы:
-Мерекелік шеруде мектеп мұғалімдері оған дауыс көтеріп, елдің көзінше балағаттағанын, кемсіткенін көргендер бар. Қазір барлығын жасырғылары келеді.
-Қайғылы оқиға 9-шы мамыр күні дәл осы жерде орын алған. Көпірге көтерліген Камила ұялы телефоны мен көзілдірігін мына жерге тастап, суға қарғыпты. Артынша жеткен мектептің психологы суға түскенімен оны таппай қалған. Араға 4 сағат уақыт салып қана қыздың денесін сүңгүірлер мына жерден 300 метр қашықтықта судан алып шықты.
Сол күнгі сұмдықта қызды құтқаруға ұмтылған психологтың өзін жұрт жабылып жүріп әрең шығарып алыпты. Содан бері ол суық тиіп ауруханада жатыр. Бір қызығы, секіретіннің алдында марқұм дәл сол адаммен телефон арқылы сөйлескен екен. Ал Нұра ауылындағы мектеп оқушылары қаралы күндерден ес жия алмай жүр. Айтуларынша, мерекеде Камиланың көңіл күйі күндегідей болған. Сынып жетекшісі болса, ел айтып жүрген эстафетаның өзі өтпей қалған еді дейді.
Наталья Зюкина, сынып жетекшісі:
-Эстафетаға қатыспағаны үшін ренжіді деуге келмейді. Өйткені адам саны жетіспегесін жарыс мүлде болған жоқ. Балалар әдеттегісінше күліп ойнап жүрді. Әй-шәй дескеніміз жоқ. Балалардың барлығы куә оған.
Дегенмен қазір қылмыстық іс қозғалып тексерістер мен тергеу жүріп жатыр. Марқұмның туыстары айтқандай өзіне қол салуға апарған жайт әшкере болса, жауаптылар анықталмақ. Болмаса, қыздың көпірден абайсызда құлап кетуі мүмкін деген болжам да жоқ емес.