Шымкентте төтенше жағдай жарияланды - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте  төтенше жағдай жарияланды

Шымкентте төтенше жағдай жарияланды

Оңтүстік Қазақстанда төтенше жағдай! Секундына 25 метрге дейін соққан күшті жел ағаштарды тамырымен жұлып, шатырларды ұшырып әкетіп жатыр. Тіпті адам шығыны да бар. Дауылда қираған тал зообақ қызметкерін басып қалған. Көшелерде бағдаршамдар істен шығып, жол қозғалысы да едәуір қиындады. Сондықтан бүгін Шымкентте төтенше жағдай жарияланып, мектептер мен бала-бақшалар жұмысын түгел тоқтатты.

  • 13 Мамыр 2014
  • 369
Фото - Caravan.kz

Бұл зообақ қызметкері Гүлназым Төленованың соңғы күндері. Әрдайым жайдары, әріптестері түгілі аңдармен де тіл табыса білетін 52 жастағы әйел күнделікті жұмысына келген. Күшті желде тамырымен опырылған ағаш құлап, оның омыртқасын сындырып жіберіпті.

Сейдолла Жұбаев, зообақ директоры:

-Ол жерде қатты жел құйын сияқты болды дейді қасындағылар. Сол үлкен ағаш құлап, дәл Гүлназымның үстіне түсіп, басып қалған. Осындай жағдайға душар болдық.

Ұйытқи соққан күшті жел зообақ аумағындағы ағаштарды ғана емес, қала ішіндегі талдарды да қопарып жатыр. Өткен-кеткен көліктерді басып, тұрғындарды қыруар шығынға ұшыратуда. Дауылдан бірнеше үй мен әкімшілік ғимараттарға да залал келтірген. Арасында «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің кеңсесі де бар. Шатырларды «түгендеймін» деп жүріп төтенше жағдайлар өкілдері де бас киімсіз қалып жатыр.

Адамның өзі әрең төтеп беретін адуынды жел қаладағы жүздеген бағдаршамды істен шығарды. Жол қозғалысы қиындаған Шымкентте жол апаттары да жиілеген. Күшті жел өртті де өршітіп жіберіпті.


Нұрболат Дербесов, Шымкент қалалық ТЖБ бастығы:

-Қалада өрттердің көбейіп жатыр. Қатты желден  тоқ желілерінің бір-біріне тұйықталып  жатыр.

-Секундына 25 метрге дейін соққан жел Шымкенттің топалаңын шығарды. Дүлей дауыл оңтүстік аудандарына да оңай тиіп жатқан жоқ. Бірнеше өңірде үйлердің, әкімшілік ғимараттардың шатыры ұшып әкеткен. Ал, алдағы екі күнде жел тағы күшейіп, секундына 28 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Сондықтан, бүгін Шымкентте төтенше жағдай жарияланып, мектептер мен бала-бақшалар 2 күнге жұмысын тоқтатты.