7-ші мамырдағы шеруден қайтып келе жатқан әскерилер апатқа ұшырады - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
7-ші мамырдағы шеруден қайтып келе жатқан әскерилер  апатқа  ұшырады

7-ші мамырдағы шеруден қайтып келе жатқан әскерилер апатқа ұшырады

Алматы облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің сарбаздары отырған көлік апатқа ұшырады. Әскерилер 7-мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған Астанадағы шеруден қайтып келе жатқан. Балқаш қаласынан ұзаған бетте колонноға жүк көлігі бетпе-бет соғылыпты. Салдарынан 24 адам жапа шегіп, оның 6-уы өмір мен өлімнің арасында жатыр. Көптің көзінен таса қалдыруға тырысқан апаттың жай-жапсарын Нартай Аралбайұлы тарқатып айтады.

  • 14 Мамыр 2014
  • 366
Фото - Caravan.kz

Әскери шеруден соң Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты №28/237 әскери бөлімінің сарбаздары дәл осындай қатармен Алматыға қарай жол тартқан. Екатеринбург-Алматы жолының 604-ші шақырымында, қарсы бағытпен жүйткіген жүк көлігі колоннаның алдыңғы сарбаздарға лық толы машинаға бетпе-бет соғылыпты. Жараланған жауынгерлердің 20-ға жуығы Ұзынағаштағы әскери бөлімге жөнелтілсе, жарақаты ауырлары Алматыдағы ауруханаға жеткізілген.

Жұмахан Молдақұлов, №4 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

-Бары 6 науқас. Қазіргі жағдайлары ауыр жағдайда. Түскен кезде бірден реанимация бөліміне жатқызылып диагностика жасалған. Керекті операциялар жасалған.

Саптағы сарбаздардан бөлек талқан болған темір тұлпарда келісім-шартпен қызметін өтеп жүрген жауынгерлер мен сержанттар болыпты. Тілге келгендері тергеушілердің сұрақтарына жауап беруде. Ал 28/237 әскери бөлімінің өкілдері өздеріне шаң жуытар емес.

Әбдіжәлел Ерназаров, ҚР ТЖМ 28/237 әскери бөлімі химиялық қызметтің бастығы:

-Қарама қарсы бағытқа МАЗ автокөлігі шығып кеткен. Содан жол-көлік оқиғасы болды. Кінә біз жақтан жоқ. Біз күзетпен келе жатқанбыз. Ара қашықтық сақталған.

Қарсы бағытқа шығып кеткен жүк толы көліктің жүргізушісі Балқашта қалыпты, дін-аман көрінеді. Дегенмен мына суреттерден соң сену қиын оған. Ал Ұзынағаштағы әскери бөлімнің алдында қазір құлаққа ұрған танадай тыныштық. Жазым бола жаздаған жауынгерлермен жүздесуге мүлдем рұқсат жоқ. Журналистермен тек қорқасоқтап телефоны арқылы тілдесті.


Қайрат, жапа шеккен сарбаз:

-6-уы қалалық клиникалық ауруханада. Үшеуі Қалқаманда. Көбісінің басы жарылып қабырғалары сынған. Туыстарымыз келіп жатыр. Бірақ бізді кіргізбейді не шығармайды. Телеарналармен сөйлеспеңдер деп бұйырған…

Қазір жол апатына қатысты тергеу жүріп жатыр. Әзірге көпті жарақат алғандардың өмірі алаңдатуда.

-Тас жолда тас талқан болған темір тұлпарлардан жапа шеккен сержанттар мен сарбаздар қазір жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылыпты. Енді олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Дегенмен дәрігерлер аурухана кереуетіне таңылғандардың жағдайы әлі де мүшкіл дейді. Енді ең кемі емханада үш аптаға жуық жатпақ жапа шеккен жауынгерлер.