Кездесуді ширақ бастаған Латвиялықтар есеп ашқан. Бірақ көп ұзамай біздің жігіттер таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. Алма-кезек басымдыққа ие болған қос команда ашық ойын көрсетті. Үзілістен кейін Латвиялықтыр екі шайба соғын есепті 4:2 жеткізді. Бұл кезде де жігерлік танытқан жерлестеріміз лайықты жауап қайтарды. Дегенмен соңғы кезеңде отандастарымыз жеңісті уысынан шығарып алды. Қортынды есеп 4:5 Латвиялықтардың пайдасында. Ал бүгін біздің хоккейшілер Астана уақытымен 23:45-те Ресейлік шеберлермен кездеседі.
Бүгін футболдан Еуропа Лигасында топ жарған команда есімі белгілі болмақ. Маусым бойы еуропаның мәртебелі кубогының ең тартысты бәсекелерін тікелей эфирде көрсетіп келген КТК арнасы “Севилья” мен “Бенфика” арасындағы финалды назарларыңызға ұсынады.
Қазірде қос команда маңызды матч алдында соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. 1968-ші жылы Еуропа кубогында топ жарған “Бенфика” содан бері жеті рет финалға шыққан. Бірақ солардың барлығында португалдықтардың жолы болған жоқ. “Севилья” бас бапкері Унай Емирей өз командасының жеңісіне сенімді. “Бенфика” мен “Севилья” арасындағы тартыс Турниндегі “Ювентус-аренада” өтпек. Финалдық матчты біздің арнадан Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те тікелей эфирден көре аласыздар.
2014 жыл- «Дін мен Дәстүр » жылы деп жарияланған. Осыған орай ұлтымыздың қос қанаты, дін мен дәстүрді жаңғырту һәм үгіттеу мақсатында игі шаралар атқарылуда. Бүгін Алматыда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен тұңғыш турнир өтті.
Салт-дәстүр мен дін сабақтастығын насихаттайтын додада бақ сынауға тоқсан алты үміткер ниет білдіріпті. Олимпиадалық жүйеге негізделген түйе балуандар турнирінде салмақтары 74 келіден жоғары тартатын жігіттер күш сынасты. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған апайтөс жігіттер жеңіс үшін аянып қалмады. Дегенмен көптің ішінен суырылып шыққан Бауыржан Тәліпов тұңғыш рет өткізілген жарыстың түйе балуаны атанды. Абсолютті чемпион атанған балуан бас бәйгеге тігіліген «қажылық сапар» жолдамасын иеленсе, тұғырдың екінші сатысына көтерілген Жангелдіге теледидар бұйырды. Үшінші орын иеленген қос балуан да жүлдесіз қалған жоқ. Оларға ноутбук табыс етілді.