Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Жапония Елшісі Масаеси Камохара екі елдің қарым-қатынасы туралы мәселелерді талқыға салды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметінен.

  • 15 Мамыр 2014
  • 893
Фото - Caravan.kz

Тараптар Қазақстан Президентінің Жапония Премьер-министрімен кездесулері қазақстандық-жапондық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға жол ашатынын айта келіп, қос мемлекеттің ынтымақтастығының стратегиялық сипатына назар аударды.

Сондай-ақ жүздесуде ядролық қарусыздандыру және оны таратпау тақырыбына да айрықша көңіл бөлінді.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық халықаралық бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Қ.Жақыпов атап өткендей, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы ағымдағы жылы 6 мамырда БҰҰ штаб-пәтерінде қол қойылған келісімге хаттама халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Өз кезегінде Масаеси Камохара Қазақстан аймақтағы көшбасшы мемлекет болып отырғанын айтып кетті. Сонымен бірге жапон дипломаты Жапонияның біздің елімізбен әртүрлі салада, әсіресе, ядролық қарусыздануда ынтымақтастық жасауға мүдделі екендігін білдіріп, екі ел басшыларының Гаагадағы кездесулері осының дәлелі болғанын атап көрсетті.

Сауда-экономикалық ықпалдастықты нығайту туралы сөз қозғалғанда Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның жапондық үздік трансұлттық компаниялардың инвестициялар салуына және Қазақстанда сервистік жинақтау өндірісін құруға тартуға да қызығушылық білдіретінін тілге тиек етті.


«Жапондық өндіріс орындарының инновациялық сипатын ескере отырып, біз жапондық бизнес өкілдерін Қазақстанда индустриалдық бағдарламаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырамыз», — деді Мәжіліс Төрағасы.

Кездесу иелері парламентаралық қатынасты тереңдетудің өзектілігін ескере келіп, осы жолда бейінді комитеттермен және ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту қажеттігін атап өтті.