Жеребе тарту арқылы өз қарсыластарын білген спортшылар аянып қалған жоқ. Тәжірибелі Жайдар Сайлаубаев жарыстың жартылай финалына дейін сүрінбей жеткен. Бірақ финалға бір қадам қалғанда Бақыт Смағұловқа қарсы айла таппады. Ал қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңген Арслан Абдрамитке бұл күні тең келер ешкім болған жоқ. Былтыр Алматы қаласының “барысы” атанған оған биыл да тең келер ешкім болған жоқ. Финалда Бақыт Смағұловпен белдескен Арслан таза жеңіске жетті. Жеңімпаз атанған Арслан Абдрамитқа 1 млн теңге, ал екінші орын алған Бақыт Смағұловқа 500 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Енді қос палуан Алматы намысын 29-шы маусымда Астанада өтетін республикалық “Қазақстан Барысы” турнирында қорғамақ.
Испандық клуб “Севилья” өз тарихында үшінші рет Еуропа Лигасын жеңіп алды. Туринде өткен ақтық матчта олар Португалияның “Бенфикасын” матч соңындағы пенальтиден ұтты.
Алғашқы таймда “Севилья” өткір шабуылдаған. Алайда үзілістен кейін португалдықтар да бірнеше рет ұрымтал тұстан мүлт кетті. Алма кезек шабуылмен өткен қосымша уақытта да есеп ашылған жоқ. Ал Кубок тағдырын шешкен пенальтиде жанкүйерлер “Севилья” қақпашысы Бетудың шеберлігіне куә болды. Ол Оскар Кардосо мен Родригоның соққыларын қайтарған болатын. Испандықтар сапында пенальтиді мүлтіксіз орындаған Кевин Гамейро өз командасына жеңіс сыйлады.
Шайбалы хоккейден Минскте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жете алар емес. Өз тобындағы төртінші бәсекеде біздің жігіттер ресейліктерге 7:2 есебімен жол берді.
Матч барысын толықтай бақылауда ұстаған ресейліктер жауапсыз 5 шайба тоғытқан.Тек осыдан кейін ғана біздің жігіттердің намысы оянып қос шайба соқты. Михаил Паньшин мен Андрей Спиридонов есепті 5:2 ге жеткізген. Алайда қалған уақытта ресейліктер тағы екі шайба тоғытып қортынды есепті орнатты. Ертең біздің жігіттер АҚШ құрамасына қарсы ойнайды.