Біріккен Араб Әмірлігіне барған туристер дәл осындай түйелерге мінемін деп ауру жұқтырған. Мамандардың айтуынша, вирус түйенің тыныс жолдары арқылы тарайды. Ал, тұмауға шалдыққан адамның бастапқыда басы ауырып, мазасы қашады соңы өкпенің қабынуына айналады екен. Қазір Кувейт, Катар, Мысыр секілді елдерде осы қатерлі індеттен 100-ден астам адам көз жұмған.
Түйелер біздің елімізде де еркін жайылып жүр. Қызылорда облысында жеке басында жүздеген өркешті бар мынадай фермерлер өте көп. Бірақ, мұндағы шаруалар адам өмірін жалмап жатқан «түйе тұмауынан» мүлдем хабарсыз.
Мәриям Ермекбаева, түйеші:
-Азанда сағат 8-де шығарып жібереміз. 3-4 сағат сайын емізіп тұрамыз. Қазір саууға болмайды бірақ, ана өркеш байлаған кезде 2 айдан кейін саууға болады.
Қақаған қыс пен аптап ыстыққа төзімді және шығыны аз түйе шаруашылығы Қызылорда облысында кеңінен дамыған бизнес деуге болады. Жұрт жануардың етін, сүтін, жүнін сатып қомақты табыс табауып отыр.
-Түйелердің құны салмағына қарай арта береді. Мәселен, туғанына 1 жыл болғандары 500 мың теңге болса, ал арасындағы буралар миллион теңгеге дейін жетеді екен.
Ал Таяу Шығысты естен тандырып жатқанжұқпалы вирус түйенің қанынан анықталыпты. Яғни, жануардың еті мен сүті де адам денсаулығына қауіпті деген сөз. Дегенмен, отандық ветеринарлар еліміздегі 200 мыңға жуық өркештіге төнген қауіп жоқ деп отыр.
Серік Сапарғалиев, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
-Сауд Арабиясынан ешқандай малдарды сатып алып, мал өнімдерін сатып алмаймыз, әкелінбейді. Сондықтан Қазақстанға ветеринария саласына ешқандай қауіп жоқ деп есептейміз. Барлық малдар, ірі қара, түйе көлемді түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Араб Әмірліктерінен басталып, енді Азия мен Еуропаға ауыз сала бастаған эпидемияның өршімесе, бәсеңситін түрі жоқ. Оның үстіне қауіпті кесел нақ демалыс маусымы басталар сәтте күшейіп кетті. Алайда, індетке қарамастан, туризмнен миллиардтап табыс тауып отырған мемлекеттер атақты шипажайларын жаппайтыны анық. Сондықтан мамандар туристерге аса сақ болуға кеңес беріп отыр.