Анастасия Шарипованың қазасы былтыр бүкіл Евгеньевка ауылын дүр сілкіндірді. Із-түзсіз кеткен қызды 500 адам екі аптадай іздеп, ақыры мәйітін үйінің маңынан тапқан. Сыр беріп қойған мына көршісі сол күні қашып бара жатқанда ұсталды. 20 жасар Виктор Бахарев басында кінәсін мойындап, тіпті айуандық әректтерін бүге-шігесіне дейін көрсеткен болатын. Бірақ артынша, полиция қысым көрсетті деп айтқанынан айнып қалды. Тіпті, үкімін тыңдауға нық сеніммен кірді. Ақталып шығатынына шүбәланбаса керек. Бірақ жауабы сан мәрте құбылған азғынға алқабилер сенген жоқ.
-Виктор Бахарев айыпты деп танылып, жазасын 25 жыл қатаң тәртіптегі колонияда өтесін. Сондай-ақ марқұмның отбасына 2 млн теңге моральдық өтемақы төлесін.
Баптарды жылдам тізбектеп шыққан судья Сатабаев азғынға жеңілдік жасауды ұмытқан жоқ. Хаттамаға сәйкес, Бахаревтың пайда көздемегені ескеріліп, мүлкі тәркіленбейтін болды. Бірақ үкіммен сотталушының туыстары келіспей, шу шығарды.
Антонида Зверева, В.Бахаревтың туысы:
-Айналдырған 15-20 минуттың ішінде барлығын теріп үлгергендері күлкілі болды. Бұл мүмкін емес. Демек, алқабилердің сөзі тыңдалмай тұрып, барлығы алдын ала шешіліп қойған. Мүмкін оларға қысым көрсетілген шығар?
Қанды қылмысты Бахарев істеді дегенге алғашында марқұм қыздың ата-анасы да сенбеген. Бірақ тергеу кезеңінде шыққан мәліметтер әсер етсе керек, шешімін өзгертіпті. Себебі, ол кезде марқұмның іш киімінен табылған ұрықтардың айыпталушыныкі екені айтылған болатын. Сондықтан олар Бахаревті тіпті өлім жазасына кесуді сұрады.
-Осылайша, жабық есік жағдайында өткен процесстен тараптар ортақ мәмілеге келе алмай тарқасты. Енді қылмыскердің әпкесі істің қайта қаралуын өтініп, 10 күннің ішінде, Жоғарғы сотқа арызданбақ. Егер бұл өтініші қанағаттандырылмаса, Бахарев алдағы 25 жылын қатаң тәртіптегі колонияда өткізеді.