Адам өлтірген тәртіп сақшылары сотталды - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Адам өлтірген тәртіп сақшылары сотталды

Адам өлтірген тәртіп сақшылары сотталды

Ауылдасын азаптап өлтірген полицейлер ұзақ мерзімге абақтыға жабылды. Бүгін Петропавл қалалық соты Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің үш қызметкеріне қатысты үкім кесті. Учаскелік инспектор мен жедел уәкіл адам ұрлағаны үшін 8 жылын, ал қылмысты ұйымдастырған полицей алдағы 15 жылын темір торда өткізуі тиіс. Бұл үшеуі былтыр жас жігітті өлімші етіп сабап, ес-түссіз күйінде өзенге ағызып жіберген болатын.

  • 20 Мамыр 2014
  • 232
Фото - Caravan.kz

Жұрттың жағасын ұстатқан бұл оқиға былтыр Соколовка ауылында  болған. Дүкен маңында 24 жастағы Евгений Копа жол сақшысы болып істейтін ауылдасы Тимур Үмбетовпен сөзге келіп қалады. Араққа қызып алған лейтенант пен онымен бірге жүрген екі әріптесі жігітті көліктерінің жүксалғышына тиеп алып, өзен жағасына алып келген. Сол жерде Евгенийді өлімші етіп сабап, шала жансар денесін Есіл өзеніне ағызып жібереді.

Жігіттің бақа-шаянға жем болған денесі екі айдан соң табылды. Ауылдастары оны тек киімінен таныған. Ал «кісі өлтірді» деп айыпталған тәртіп сақшыларына қатысты тергеу жарты жылға, соты 8 айға созылды.

Сот Марат Алдамасов пен Ерлан Серікбайды адам ұрлағаны және қылмысты жасырғаны үшін 8 жылға соттады. Ал Тимур Үмбетов адам ұрлады және кісі өлтірді деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан  айырылды.

Мұны естіген тәртіп сақшыларының туыстары залда бірінен кейін бірі естерінен танып жатты. Сот үкімін олар тым қатал деп отыр. 


Юрий Сахаров, адвокат:

— Марат Алдамасов мен Ерлан Серікбай бұл қылмысқа тосқауыл болғысы кеп, Тимур Үмбетовты сабырға шақырған. Алайда сот  оларды куәгер деп таппады. Керісінше, «қылмысты жасырды» деп 8 жылдан кесті.

Сотталушы жақ үкімді қатал десе, жәбірленуші тарап керісінше,  жабылып адам өлтіргендер үшін бұл тым аз деп отыр. Сонымен бір жылға созылған атышулы оқиғаға осымен нүкте қойылды. Алайда, үкімді тым қатал деген сотталушы жақ, облыстық сотқа шағымданғалы жатыр.