«Ертіс» футбол клубының жетекшілері соққыға жығылды - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Ертіс» футбол клубының жетекшілері соққыға жығылды

«Ертіс» футбол клубының жетекшілері соққыға жығылды

Павлодарда жергілікті «Ертіс» футбол клубының басшылары соққыға жығылды. Бас директор Қалымжан Ержанов пен техникалық директоры Болат Ысқақовқа белгісіз біреулер үйінің кіре берісінде шабуыл жасаған. Сол жерде екі жігіттің де басын арматурамен жарып кетіпті. Қан жоса күйінде ауруханаға жеткізілген Ысқақов қазір ес-түссіз жатыр. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, әзірге күдікке алынып жатқан ешкім жоқ. Басшыларына шабуыл жасалған күні «Ертіс» семейлік «Спартак» клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңгенін айта кетейік. 

  • 20 Мамыр 2014
  • 272
Фото - Caravan.kz

Семейдің «Спартагын» өз алаңында 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Ертістің» жеңісі ел ауызында. Бұл — тең ойыннан кейінгі қарымта кездесу болатын. Маусым басында тағайындалған клубтың жаңа топ-менеджерлері матчтан көңілді қайтқан. Тек пәтерлеріне қарыс қадам қалғанда Қалымжан Ержанов пен Болат Ысқақовтың  белгісіз біреулер басын жарып кетіпті. 

Ұйымдасқан шабуыл кеше кешкісін нақ осы жерде орын алды. Бетперде киген қос қылмыскер клуб жетекшілері лифтіден шыға бергенде арматуралармен сабай жөнелген. Соққылардың қатты болғаны соншалық, біреуінің бас сүйегі үгіліп кетіпті.

52 жастағы клубтың техникалық директоры қазір өмір мен өлім арасында жатыр. Дәрігерлер  тілге келмеген оның жағдайы туралы тап басып ештеңе айта алмады.

Олег Гарбузенко, Павлодар қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

-Компьютерлік томографиядан  кейін ота жасалып, басынан сүйек сынықтары алынды. Миының қатты қабықшасы жарылған. Қазір жансақтау бөлімінде емделіп жатыр.

Ал, қансыраған күйі полицияны шақырып үлгерген бас директор – Қалымжан Ержанов ауруханаға жатудан бас тартты. Ол клубты биылғы ақпан айынан бері басқарып келеді. Команда әкімшілігі қуанышпен қатар келген қайғылы оқиғаға енді кімді кінәларын білмей отыр.


Мұхит Омаров, «Ертіс» футбол клубының баспасөз хатшысы:

-Спорт пен сотқарлық, бұзақылық жағдайлар бірге болмайтын нәрсе. Оған мына, Қазақстан федерациясы, біздің Павлодар облысының федерациясы қатты күйзеліп, болмайтын жағдайды сынға алып отыр.

Айта кетерлігі, зардап шеккендердің екеуі де ел арасында «Қытай қорғаны» атанып кеткен мына үйдің соңғы қабатында бірге тұрған. Тәртіп сақшылары қазір бұзақылық дерегі бойынша іс қозғап, қылмыскерлерді іздеуге кірісті.