Ресейдің Тергеу комитетінен хабарлағандай, Нариман Мырзамогамедов, Фахрудин Тахмезов, Темірлан Әміров, Тельман Гаджимустафаев, Заур Махмұдов, Арсен Исаев пен Замир Агашириновқа РФ ҚК 209, 163, 317, 222 баптары бойынша айып тағылды.
Тергеу және сотпен анықталғандай, 2011 жылдың басында Гасан Абдуллаев «Оңтүстік» диверсанттық-лаңкестік тобын құрған. Оған әр кезеңде топтың өзге мүшелері тартылған. Аталған банда өз қылмыстарын Дербент ауданы мен Дербент қаласының аумағында жүзеге асырған.
Диверсанттық-лаңкестік топтың мүшелері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қастандық жасап, жекеменшік жүк тасумен айналысатын адамдарға қарақшылық шабуыл жасап, олардың автокөліктерін ұрлап, кәсіпкерлер мен жергілікті орган қызметкерлерінен ірі ақша сомасын қоқан-лоққылықпен тартып алумен айналысқан.
Осы топтағылардың қатысумен 70-тен астам ауыр және аса ауыр қылмыстар жасалған.
Республикалық ФҚҚБ мәліметтері бойынша, Замир Аагаширинов Ақтау қаласының тумасы және Қазақстан азаматы. Соңғы уақыттары Дербентте тұрған. Махачкалаға туыстарына келсе керек. Арнайы қызметтегілердің ақпаратына қарағанда, ұсталған адам Нариман Мырзамогамедов пен Тельман Гаджимустафаев кірген «Оңтүстік» банда тобында астыртын әрекетпен айналысқан. Ол негізінен оларды азық-түлік, дәрі-дәрімекпен қамтамасыз етіп, өз көлігімен тасыған.