Бір күнде екі концерт берген сазгердің «Әсем Бурабай», «Аман жүрші, айналайын» және «Сен әлі ғашықпысың» атты жаңа әндерінің тұсаукесері өтті.
Осы кештің құрметті қонағы болған әнші-композиторлар Марат Омаров, Қайрат Жүнісов, Елена Әбдіхалықова, Құрмаш Махан және Жанат Темірова өз шығармаларын орындап, өнер кешіне ән-шашуларын арнады.
Белгілі әншілер халықаралық «Азия даусы» байқауының лауреаты Манарбек Байтасов және халықаралық «Восточный базар» байқауының лауреаты Жадыра Арыстанова өнер көрсетті. Осы кеште Қайрат Нұрғазиннің шәкірттері Анастасия Пикулева, Алғашбек Кішкенбаев, Серікболсын Сүлейменов, Алма Ардаханова сазгердің әндерін орындады. Сонымен қатар өнер кеші иесінің өз ұлы Арсланбек Қайратұлы ән шырқап, көрермендер ықыласына бөленді.
Концерт соңында өнер сүйер қауымның сұрауы бойынша Қайрат Нұрғазин «Арман жырым — аруларым» әнін орындап берді. Қазақ қыздарының қадірін арттырған әнді көрермендер ерекше толқыныспен қабыл алды.
«Өзім биыл мүшел жасқа толдым. Әрі ел алдында есеп берейін деген ниетпен концерт ұйымдастырып, кезінде «Үкілі үміт» республикалық байқауында бірге өнер көрсеткен достарымды шақырдым. Өзім ән әлеміне баулып жүрген шәкірттерім де сахнаға шықты. Ән кеші ойдағыдай өтті»,- деді әнші-композитор Қайрат Нұрғазин.