Махаббаттың тілі сөз емес - сезім, ол аудару тілемейді - kaz.caravan.kz
  • $ 504.6
  • 594.27
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Махаббаттың тілі сөз емес - сезім, ол аудару тілемейді

Махаббаттың тілі сөз емес - сезім, ол аудару тілемейді

Голливуд жұлдызы қатысқан фильм - "Малефисентаны", әсіресе бүкіл ерлердің жүрегін жаулап алған хас сұлу актриса Анджелина Джоли басты рөлін сомдаған кинкартинаны көруге бәріміз асықтық.

  • 3 Маусым 2014
  • 2746
Фото - Caravan.kz

Алдын ала киноның қазақшаға аударылғаны жайлы БАҚ да жарысып жазды. Бұл да фильмді көруге деген талпынысымызды тіпті құлшындырды. «Анджелина Джоли қазақша сөйлейді!» дегеннен-ақ, қазақтілді көрермендерді қызықтырғаны тек дубяж сапалығы болғаны өтірік емес.

Әрине, қандай өнер болмасын тілсіз жаулап, өзіне баурап алады. Қызықты оқиғасы, шытырман хикаясы келістірілген өн бойы сезімге толы көріп шыққан соң тіпті кейде қай тілде көргеніңді де ұмытып қаласың.

Ал атағы жер жарған Голливудтың блокбастерлері ана тілімізде сайрап жатса, дубляж шеберлігі картинаның түсірілу шеберлігімен үйлесіп жатса, мақтаныш сезімі  бойымызды жаулап алатын кездер де аз емес.

Махаббаттың тілі сөз емес — сезім, аудару тілемейді. … Махаббат отын жағатын да — тіл, сөндіретін де — тіл. Ғашықтық — дерт те, у да, емін мен шипасын таба бер.

«Малефисента» қандай? Енді осы туралы  түйген ойларымызды ортаға салсақ.

Бәрімізге танымал «Ұйқыдағы ару» деген ертегі бар. Бір елдің патшасының  айдай сұлу қызын сәби кезінде қатыгез сиқыршы 16-ға толған күні саусағын инемен шаншып алып, мәңгілік ұйқыға кетеді деп дуалап тастайды. Оны тек шын ғашық болған адам ғана бойына жан кіргізіп, тірілте алады. Ал Малефисентада ше?  Фильмнің  режиссері Роберт Стромберг бұған басқаша тұрғыдан қараған.

Малефисента мүлдем қатігез емес болып шықты. Ну орманның қорғаушысы сәби кезінен жетім өскен, айналасындағы тіршілік иелеріне, қоршаған ортасына мейірімі шексіз қанатты пері еді. Әдетте құбыжықтар адамның зәресін ұшыратын, ал Малефисента фильмінде жаңағы кейіпкерлердің тіпті адамнан өткен мейірімді, адал, берген уәдесінде тұратын, бөтенге қол ұшын беруге жанын салатын, аяушылық сезімі жақсы жетілген періштені көреміз. Фильмде бұл керемет көрсетілген.

Енді Малефисента фильмінің қысқаша сюжетіне тоқталсақ. Қалың орманға адасып келген бір баланы Малефисента құтқарып алады. Сөйтіп екеуінің арасында сезім пайда болып, бір-бірімен жиі кездесіп, тіпті бауыр басып кетеді. Бірақ адам боп жаратылған Стефанның пенделік пиғылы оянып, дүниеқоңыз, доңмойын, нәпсіқұмар болып өседі. Ол патшаның тағын басу үшін  Малефисентаның қанатын қырқып тастайды. Осылай бейкүнә бала күнәһар патшаға, ал мейірімді пері қатыгез сиқыршыға айналады. Малефисента оның опасыздығын кешіре алмай, кек алуға белін буады.

Бұл уақытта Стефан патшаның тағына да жайғасып, үйленіп,  тұңғыш сәбиі қыз бала — Аврора келеді. Тап сол мезетте көптен бері тек қана кекпен өмір сүрген қатыгез сиқыршы нәрестені дуалап тастайды.

"Қызың айдай сұлу болсын, ақылды болсы болсын, бірақ…жасы 16-ға толған күні ұршықтың бізі саусағына кірген күні мәңгі ұйқыға кетсін! Аврораны ұйқыдан ояту тек оны шын сүйген ғашығының ғана қолынан келетін болады! Ғашығы ернінен сүйгенде ғана Аврора ұйқысынан тұратын болады!"

Бұл сәтте Малефисента өмірде шынайы махаббаттың жоқ екеніне сенімді еді.


Сөйтіп 16 жыл зу етіп өте шығады. 16 жыл бойы жүрегінің түбінде аз ғана мейірімі бар сиқыршы әйел нәрестені желеп-жебеп жүреді. Аврораның пәк жүрегі мұны сезеді.

Оны кіндік шешем деп атап, кіршіксіз көңілімен құлай жақсы көреді. Өзіне деген шексіз мейірімді, таза көңілмен бауыр басқан қызға қарап отырып Малефисентаның аналық сезімі оянады.

Кезінде жасаған кегіне өкініп, дуаны қайтарудың жолын қарастырады. Аврора мәңгі ұйқыға кеткенде сарп ұрып жанталасады. Бойжеткеннің орманда жүргенде кездейсоқ кездесіп, танысып, ұнатып қалған жігітті патша сарайында жатқан аврораның ернінен де сүйгізуге жанын салады. бірақ…қыз оянбады.

Бір сәттік кек осылайша сұлу қыздың өмірін қор қылды. Жүрегін орны толмас қайғыға ұшыраған Малефисента соңғы рет кіндік қызының қасына барып, қоштаспақ болады. Көзінен жасы сорғалап, соңғы қызын құшып сүйеді. Сол мезетте ….тап сол мезетте ана жүрегінен шыққан шын махаббаттан мәңгі ұйқыда жатқан қыз..оянады! ия, бұл АНА МАХАББАТЫ еді! Одан асқан күш бар ма? Ана махаббаты кез келген қайғыны да, қасіретті де жеңе алады. Фильмнің айтқысы келген негізгі ойы да осы болса керек.

Тағы бір көңіл аударалық дүние — сиқыршы әйелдің темірден қорқатынын біліп алған патшаның қастық әрекеті. Патша Малефисентаның орманын темір қоршауға орап тастайды. Ақыр соңында өзінің жасаған қастық әрекетінен  ажал аузына барады. "Біреуге ор қазба, өзің түсесің"….

Сөйтіп жауыздық жеңіліп, мейірім жеңді. Сиқырлы орман Малефисента бойын билеген кектен арылып, өз қатесін түсініп, айналасын шапағатқа бөледі.

Тілейтініміз — қоршаған орта — табиғат пен адамзат  үйлесімділік тауып, қасірет болмаса екен.

Ал фильмнің басты кейіпкерін  заманымыздың ең атақты актрисасы — Анджелина Джолидің сомдап, оны өз тіліміз — қазақ тілінде тамашалағанымыз бір керемет дүние болды.

Жастардың еліктеп жүрген, миллиондаған ерлердің қызыға қарайтын әйгілі артисінің қазақша "сайрағаны" біз үшін пайдасы да, тәрбиелік маңызын айтпағанда, мемлекеттік тілге жасалған үлкен насихат деп түсінуге болады.

Сөз соңында айтарымыз, болашақта да аты жер жарған Голливуд картиналарын, онда басты рөлді атақты артистер сомдаған картиналардың қазақ тілінде көрсетілуі — еліміздегі өзекті мәселенің шешімін табудың таптырмас жолы. Кино — насихат құралы. Айтайық деген негізгі ойымыз да осы.

Бұнда қыруар еңбек еткен "Болашақ" қауымдастығына, Джолиді "қазақша" сөйлеткен әртістерге және "Меломан"  сауда жүйесіне алғысымыз шексіз.

Перейти к новостям спорта