Семейде жалғызбасты көп балалы ана үйсіз қалуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+35 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семейде жалғызбасты көп балалы ана үйсіз қалуы мүмкін

Семейде жалғызбасты көп балалы ана үйсіз қалуы мүмкін

Семейде жалғызбасты ана далада қалуы мүмкін. 32 жастағы әйел жылдар бойы қаңғыбастар паналаған пәтерді жөнге келтіріп, 4 баласымен сонда кірген екен. Алайда бұған дейін баспанаға мән бермеген әкімдіктегілер енді оны тартып алуға тырысып жатыр. Бесінші балаға аяғы ауыр келіншек болса көше кезіп кетем бе деп алаңдаулы.

  • 11 Маусым 2014
  • 261
Фото - Caravan.kz

32 жастағы Елена Бурчихина кезінде қоқыс ордасы болған пәтерді қалай қалыпқа келтіргенін көрсетуде. Күйеуі үйінен қуып шыққан соң, 4 баласымен осы жерді паналаған.

Еш жерде тіркелмеген екі қабатты үйдегі баспанаға шенеуніктер біраздан бері көз тігіп жүрген көрінеді. Бұған дейін мұндағыларға мән бермеген әкімдіктегілер енді оны аяқ асты босатуды талап етіпті.

Елена Бурчихина, Семей қаласының тұрғыны:

-Менің барар жерім жоқ десем, олар маған көпір астында тұрып жатқан кемпір бар екенін айтып мазақ қылады! Маған да сонда бар дегенді тұспалдап отыр! Балаларымды қайда тастаймын?!

Пәтер жалдап тұруға аяғы ауыр келіншектің қалтасы көтермейді. Ай сайын алатын 7 мың теңге жәрдемақысы ас-суынан аспайтыны белгілі. 

Бұл пәтерді көп жылдар бойы қаңғыбастар паналаған. 2 жыл бұрын солардың кесірінен мұнда өрт шығып, екеуі дәл осы жерде жан тапсырыпты. Жалпы пәтер қаңырап тұрған 17 жылда осында 5 адам көз жұмған екен. Баспананың жаңа иелері мұнда жиі елес көретіндерін айтады.


Вероника Щукина, Еленаның қызы:

-Қысқа бойлы ақ киім киген әйелді жиі көремін. Ол менің аяғыма отырып, тіпті, басымды да сипады. Әуелде қорқатынмын, қазір енді үйреніп қалдым.

Елена мен оның төрт баласы қазір елестерден емес, әкімдіктің қызметкерлерінен қорқып отыр. Олар осыдан бір ай бұрын пәтерден кетуді бұйырыпты. Жалғызбасты анаға көршілері ғана ара түсуде. Ал шенеуніктер болса, бұл үй заң бойынша мемлекеттік қорға қарайды дейді. Сондықтан оған ешкім рұқсатсыз кіре алмайды екен.

Назым Жанболатова, Семей қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:

-Бурчихинаны отбасы мүшелерімен осы пәтерден шығару туралы сот процессі 19 маусымға белгіленген. Бұл даулы мәселені сот шешеді.

Егер жалғызбасты ананы балаларымен қуып шықса, мұнда пәтер кезегіндегі азаматтарды қоныстандыру жоспарланған екен. Ал бесінші нәрестеге аяғы ауыр әйел бұл баспананы өзіне қалдыруды өтініп отыр.