Шпроттан қатерлі ісік қоздырғышы табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+35 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шпроттан қатерлі ісік қоздырғышы табылды

Шпроттан қатерлі ісік қоздырғышы табылды

Қазақстанда Балтық жағалауынан шпрот тасымалдауға тыйым салынбақ. Отандық СЭС мамандары консервіленген балық құрамында қатерлі ісікті қоздыратын химиялық зат барын анықтады. Енді еліміздегі сауда сөрелерінен бұл тағам мүлдем алынып тасталуы мүмкін. Алайда майшабақты өндіруші мемлекет – Латвия тарапы бізде мұндай шешім қабылданып жатқанынан бейхабар екен. Қауіпті деп танылған консервілер жайында Жәудір Оразхан толығырақ.

  • 11 Маусым 2014
  • 280
Фото - Caravan.kz

Шпорттың отаны – Латвия. Балтық жағалауында ауланған шабақтар осы елдің астанасы Ригадағы мынадай цехтарда дайын өнім болып шығады. Жұмысшылар шабақтарды тазалап, көлеміне қарай сұрыптауда. Ал шабақтарды қаз-қатар тізіп шыққан соң ыстап, қақтауға жібереді. Дәл осы кезде түтіннен химиялық зат бөлініп, шпротқа сіңіп қалады екен.

Міне, сол Латвияда дайындалған шпроттар еліміздегі дүкендерде еркін саудалануда. Бұған дейін бұл өнімнен ешкім сезіктенген де емес. Тек тазалық дәрігерлері жуырда жеті облыстағы дүкендерді жіті тексеріп шыққан соң ғана оның адам өміріне аса қауіпті екенін анықтады.

Марат Исмайылов, Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі Санитарлық-гигиеналық қадағалау басқармасының басшысы:

-Өткізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша, бензопиреннің бар екенін анықтадық.Бензопирен деген химиялық зат, ол адамның ағзасына өте қатерлі, онкологиялық та әсері дәлелденген.

Шпроттың құрамындағы бензопирен ағзаға бірден әсер етпейді. Майшабақты тұрақты тұтынған адамның денсаулығы бірнеше жылдан кейін ғана сыр береді екен. Тіпті ол қатерлі ісікті асқындыруы мүмкін. Сондықтан мамандар жақын күндері бұл өнім дүкен сөрелерінен алынады деп отыр. Бірақ Ригадағы шпрот өндірушілер елімізде майшабақ импортына қатаң тыйым салу туралы шешім қабылданып жатқанынан мүлдем хабарсыз екен.


Имант Ларк, «Рига шпроттары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

-Бұл мәселеге қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Біз шетелдерге тауар тасымалын үнемі қатаң бақылауда ұстаймыз. Егер ескерту жасалса, Ригадағы санитарлық дәрігерлер де шұғыл тексеруге кірісіп, экспортты уақытша тоқтатар еді. Қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы, Қазақстанда Ригадағы 6 балық зауытының өнімін тасымалдауға тыйым салынбақ. Сарапшылар шпорттан өзге тағы 17 азық-түліктен қауіптеніп отыр. Олардың қатарында Ресей мен Венгрияда жасалған консервідегі асбұршақ та бар. Сондай-ақ, шетелдік сүттің, жеміс шырыны мен сары майдың да құрамы жіті тексерілуде.