Осылайша демалысының шырқы бұзылған жүздеген адам «Гүлнар Тур» қызметкерлерінің жағасынан алды. Туристік агенттік Ақтөбе және Атырау қалаларында Түркияның Анталия қаласына 200-ге тарта жолдама сатыпты. Бірақ демалушылар әуежайдан ары аса алмай, елде қалып қойған. 40 градус ыстықта отырған саяхатшылар нағыз қаңғыбастың күйін кештік деп күйінеді. Сөйтсе, олар күткен «Джет Эйрлайнс» әуе компаниясының чартерлік рейсі Бодрумда бұзылып, жедел жөндеуге жіберілген екен. Орнына ешқандай ұшақ келмеген. Әуежайда тентіреген туристер бүгін ешқайда ұшпайтынын «Гүлнар Турдың» кеңсесіне келгенде бір-ақ білді. Әбден ызаланған туристер енді Түркияға барудан бас тартып, өтемақы мен моральдық шығын талап етіп отыр.
Раушан Жұмағалиева, «Гүлнар Тур» туристік агенттігінің өкілі:
— Ұшақ бұзылып қалды. Күні бойы туристерді Түркияға жеткізетін басқа ұшақ іздестірдік. Тіпті Азаматтық авиация комитетіне де өтініш жібердік. Бірақ еліміздің әуе компаниялары бізге басқа ұшақ бере алмады. Ал комитет түркиялық әуе компанияларының қызметін пайдалануға рұқсат етпеді.