Газ жоқ! Бұл — бүгінде Ақтаудағы бекет біткеннің бәріне қойылған ескертпе. Ал бар болса, бағасы анағұрлым шарықтаған. Қойнауы мұнай мен газға толы өңірде тұрып, мұндай мұңлы жағдайдың орнауына, әсіресе, көлік иелері қапалы.
Оңғарбек Қамалов, көлік жүргізушісі:
— Қара қазір 45-50 болып жатыр. Мына жерде де 37. Не себеп, ал? Қазақстанда газ жетпей жатыр ма?
Оның үстіне сағаттап бекет алдында тұрудың да пайдасы жоқ. Себебі талоның болмаса, арттағы баллоныңа газ құюың екіталай. Осының салдарынан қазір жол үстінде тоқтап қалған көлік саны көп. Олардың қатарында жекеменшіктегі аймақаралық қатынас автобустары да бар. Енді міне жұрттың Ақтаудан Жаңаөзенге қатынауының қиындап кеткеніне үшінші тәулік болды.
Мойылбай Қамалов, көлік жүргізушісі:
— Енді барлық жерде осындай! Ақтауда қазір ең арзаны 37 теңге. Соңына тұрмыз. Бір сағат болды. Енді барғаннан кейін газ бола ма, болмай ма? Білмеймін оны.
Лажы жоқ жұрт қазір жаппай газдан бензинге көшіп жатыр. Бірақ оның да түбі көрінген деседі. Ресми мәліметке қарағанда, Ақтауда АИ 92 маркалы жанармайдың қоры небәрі 1800 тонна шамасында екен. Ал шенеуніктер болса, мұның бәрі уақытша жағдай дегенді жаттап алғандай қайталауда.
Бақыт Ұлықпанов, Маңғыстау облысы әкімдігі Кәсіпкерлікті бақылау басқармасының бастығы:
— Бағаны кәсіпкерлер өздері көтеріп отыр. Оларға жанармай бекеттерін жеткізбестен, тікелей сату анағұрлым пайдалырақ. Жұмысшыларға ақша да, салық та төлемейді. Негізгі себеп — осы. Бірақ жақын күндері оған тыйым саламыз.
Қазір безиннен басталған тапшылық азық-түлік жағына да жетеді деген ақпар бар. Яғни нағыз қымбатшылық әлі алда сияқты.